Қасиетін ұғып, қастерлей білейік

 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандары күні жыл сайын көкшеліктер мұсылман діні мен ұлттық тұтастықтың жоқтаушысы Науан Хазірет, ұлттың асыл ұлы, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян, Кеңестер Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің анасы жерленген орталық бейітке барып, сол саяси тепкінің құрбаны болғандарды еске алып, аруақтарына Құран бағыштау дәстүрге айналған. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин де осы шараға келіп, жергілікті тұрғындардың осы жерді күтімге алу, абаттандыру, кесене салу жөніндегі пікірлерін тыңдады. Келелі пікірлер ортаға салынған жиынға Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев та қатысты.

Бұл жолы ҚМБД-ның Ақмола облысындағы өкіл имамы Қуаныш Сәбит Құран оқығаннан кейін ортаға еңбек ардагері, қаламгер Айдос Әбутәліпов, еңбек ардагері, қаламгер Мұрат қажы Ыдырысұлы, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, облыстық қазақ тілі мен мәдениеті қоғамдық ұйымының жетекшісі Мейрамбек Қиықов, М.Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабектер сөз алды.

Олар ұлтымыздың солақай саясат салдарынан, өрескел қатыгездік, жазықсыз жазалау кесапатынан қорлық көріп, қаза табушылар жөнінде тебірене сөйледі. Егемен еліміздің татулық пен бірлік арқасында берекелі дами беруін тіледі.

Сөз алғандар қала қолтығындағы осы бейітте тек қана аты аталған қасиетті жандар емес, олардан басқа да Көкшенің елге еңбектері сіңген небір жайсаң азаматтары жерленгенін, сондықтан бұл жерді күтіп ұстап, айналасын абаттандырып, киелі де қастерлі қып ұстауды бірауыздан мақұлдады. Бүгінгідей қаралы күннің өзінде жұрттың аз жиналуы алаңдатарлық жағдай. Сондықтан, болашақта осындай белгілі күндері жас ұрпақ өкілдерін де қатынастырып, оларға бұл орынның қастерлілігі туралы терең түсіндіру керек деген ортақ пікір айтылды. Науан Хазіреттің өмірі мен қайраткерлігі әлі толық зерттелмегендігі, оны мақсатты түрде, толыққанды зерттеу қажеттігі де көтерілді.

Ал, өткен жылы бейіттің көл бетіндегі Науан Хазірет пен Аянға қойылған белгі маңайын Әли Марамов атындағы аллеяға айналдыруды қолға алған, белгілі сәулетші Бурабай Марамов бастаған азаматтар жұмыстарын жалғастыруда. Көл жиегіндегі жол бо-йына тал егіп, оны күтуді қалалық әкімшілік те үнемі қадағалауда. Осы күні де жұмысшылар тамыр жайып, өспей қалған талдарды ауыстырып, олардың орнына жаңа көшеттер егіп жүрді. Бұл араға бұрылатын жол салынып, аллея бой көтеріп, қиматас төселген алаңқайлар ашылса, одан әрі архитектуралық тұрғыда сәулеттендіре түсу де жоспарда бар көрінеді.

Абзал ағалар, зиялы қауым өкілдері айтқан «Арыстарымыз жатқан жердің қасиетін ұғып, қастерлей білейік» деген ұйғарымына жүгініп, алда атқарылар шараларға атсалысқанымыз абзал.

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий