Қауіпті аймақтар әуеден бақыланды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинмен бірге өңірдің су тасқынының қаупі бар Зеренді, Сандықтау және Атбасар аудандарын тікұшақпен әуеден бақылады.

Жабай өзенінің жағасын тазарту жұмыстары Атбасар қаласы шекарасы және теміржол көпіріне дейінгі аумақта жүргізілді, сондай-ақ, өзеннің арнасы кеңейтіліп, тереңдетілді. Юрий Ильиннің айтуынша, Атбасар ауданында су тасқынының қаупі күрделі. Жабай өзеніне келетін болсақ, су деңгейінің қауіпті шебіне дейін әлі 1,6 метр бар. Алдағы 7-10 күнде судың деңгейі көтерілуі мүмкін.
«Биылғы қыс қарлы болуымен ерекшеленді. Жауған қардың қоры жылдағы орташа нормадан 2,5-3 есе көп болды. Біз су тасқынына мықтап дайындалдық. Қаланы қорғау үшін топырақтан тұрғызылған бөгет нығайтылды», – деді Ермек Маржықпаев. Аймақ басшысы өткен жылдары су тасқынынан зардап шеккендердің жаңа баспанаға көшірілгенін атап өтті. Қауіпті аймақта 450 отбасы тұрып жатыр. Бұл отбасылар үшін Атбасар қаласында 100 пәтерлі бес тұрғын үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, Атбасарда №1 орта мектеп те қауіпті аймақта орналасқан. Ғимарат күрделі жөндеуден өткен. Биыл мектеп маңына құм салынған қаптар төсеу сияқты судан қорғау шарасы жүргізілді. Алайда, бұл аздық етеді. Мектепті ағын судан толық қорғау үшін бетоннан құйылған іргетасы бар тас қоршау тұрғызу қажет. Аудан әкімі Аманбек Қалжанов атап өткендей, бұл нысанның жобалық-сметалық құны 12 миллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, №4 орта мектеп пен коррекциялық мектеп те қауіпті аумақта орналасқан. Аталмыш білім беру мекемелерін айнала қоршай инертті материалдар салынған 23,7 мың қап төселген.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий