Қауіпті ақпараттан баланы қалай қорғаймыз?

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен «Достар» мәдениет сарайында білім бөлімі, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ұстаздар мен ата-аналардың қатысуымен жасөспірімдер мәселесіне қатысты шұғыл жиын өтті.

Ғаламторға байланған балаларға бақылауды күшейту қажет. Әсіресе, «ВКонтакте» желісіндегі парақшаны әр ата-ана қадағалауы шарт. Алаңдайтын негіз бар. Өйткені, соңғы уақытта елді дүрліктірген «Көк Кит» ойынына қала мектептерінде де қызығушылық танытқандар болыпты. Белгілі болғандай, бұл ойынға сілтемемен кірген. Қауіпті екенін білсе де қызығушылығы басым болған. Әңгімелесу барысында оқушылар соңғы уақытта ғаламторда осы ойын туралы ақпараттар көп тарағанын айтқан. Осы орайда Көкшетау қаласының прокуроры Арман Ризанов өлімге итермелейтін ойынға қатысты тіркестерді жиі қолдану бала психикасына кері әсер етіп отырғандығын алға тартты. «Тапсырма қауіпсіз көрінгенімен, белгілі бір әуенді бірнеше сағат бойы тыңдау, қолына киттің суретін салу – еркін бағындыруға, санаға әсер етуге бағытталған, ал кейін осы арқылы өлім культін ұйыту мақсаты бар. Қазіргі уақытта балалармен және ата-аналармен психологтар жұмыс істеп жатыр, облыс мектептерінде суицидке бейімі бар балаларды анықтау жұмысы жүргізілуде. Осы жерде тағы бір ескерте кетейін, күдікті тұлғалардың кінәлары дәлелденсе, олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылады. Мұндай әрекеттерге жол бергендер қатаң жазаланады. Ата-аналар «ВКонтакте», «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі кәмелетке толмаған балалардың арасында суицидті насихаттайтын топтар бар екенін біле бермейді. Жасөспірімдер бұл ойынға сілтеме арқылы кіріп жүр. Ватсаптан тараған ақпаратты естіген мектеп оқушылары оны қызықтау мақсатында парақшаны тауып, тіркелуде. Ойын жүргізушісінен тапсырма күтіп жүргендер де жоқ емес. Ең қауіптісі, қазіргі күні балалардың өздері чат құруда. Компьютер бағдарламаларын жетік білетіндер үшін сайт ашу түк емес, әрі қаражат та қажет етілмейді»,– дейді прокурор Арман Ризанов.
Осы орайда ол ата-аналар комитетімен ватсап мессенджерінде топ ашу жөнінде ұсыныс жасады. Соңғы уақыттары ватсап арқылы әлдебіреулер жантүршігерлік ақпараттар таратып жататыны белгілі. Ендігі жерде желіде осындай ақпарат таралса, бірден прокуратураға жіберу қажет. Олар 24 сағаттың ішінде ақпараттың анық-қанығын тексеріп, жариялайтын болады. Тексеріс барысында жасөспірімдердің өзін өлімге итермелеуіне олардың ата-аналарымен сөзге келуі, жеке басындағы сәтсіздіктер мен әлденеден қорқуы себеп болатынын айтады мамандар. Өз кезегінде қадағалау органының өкілдері бас қосуға келген ата-аналарға өз балаларының іс-әрекеттеріне бақылау жүргізіп, сақтық шараларын қолға алуды ескертті. Атап айтқанда, жасөспірімдер қолындағы смартфондарды қарапайым байланыс құралына ауыстыруға кеңес берілді. Ал, сала мамандары берген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы қалада жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол салу бойынша бір жағдай орын алған. Әзірге бұл жағдайлар «Көк китпен» байланыстырылып отырған жоқ.
Жиын барысында қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов мектептерде ұялы телефондарды қолдану бойынша тәртіп күшейтілетінін атап өтті. Бүгінде барлық мектептерде әлеуметтік желілердегі суицидтік топтарға қатысты сақтық шаралары қолға алынып, жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Адамды суицидке мәжбүрлейтін қауіпті ойынның шырмауына шатылғандардың дені – жасөспірім балалар. Олар небәрі 12-16 жас-та. Оқушылар өздерін ешкімге керексіз сезініп, ата-анасының әр сөзін негативті тұрғыдан қабылдайтын кезеңдері болады ғой. Осыны дөп басқан ойын авторлары арам ойын жүзеге асырады екен. «Әлеуметтік желілердің басқа елдерде орналасқанына байланысты бұл ресурстардың топтарын бұғаттаумен айналысамыз. Ата-аналарға балаларының виртуалды өміріне бақылау орнатуға кеңес береміз, егер осыған ұқсас жағдайға тап болсаңыз, полицияға хабарласуыңызды сұраймыз. Сол деректерге сай шаралар қолданылатын болады»,–деді А.Ризанов.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс