Қиналғанға көмек беріледі

Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалында тұрғындарды қабылдады.

Қабылдауға банк, әлеуметтік мекемелер, халыққа қызмет көрсететін кәсіпорындардың өкілдері де қатысты. Арнайы мәселемен келген азаматтар өздерінің талабы бойынша соларға барып жолығып, кеңес алып жатты. Негізгі сауалдар – әлеуметтік мәселелер. Басым көпшілігі үй мәселесімен келді. Тұрғын үй кезектерінің тәртіптерін, оған қалай тұруға болатынын білуге келгендері де бар. Жеті баланы жалғыз тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Эльмира Әбілова баспана алуға көмек сұрады. Қала басшысы қалада тұрғын үйлер көптеп салынып жатқанын, алайда бұл мәселе заңға сай шешілетінін атап өтті. Жұбайымен төрт бала өсіріп отырған Ғалия Балтабаева отбасымен тұрып келген Әуелбеков көшесі бойындағы тұрғын үй сүріледі деп хабарланғанымен, осы уақытқа дейін бұл жұмыс жүргізілмегенін, соның салдарынан мемлекет қорынан тұрғын үй алу үшін кезекке тұра алмай отырғандарын қынжыла баяндады. Әкім мән-жайды бақылауда ұстап, жақын күндері аталған тұрғын үйді сала басшыларымен бірге барып көретініне уәде берді. Бұдан бұрын да әкім қабылдауында болған зейнеткер Ботажан Нұрышева тұрғын үй кезегінде 3831 болып тұр. Алайда, бірер жыл бұрын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы да пәтер алуға қол жеткізе алмағанын ашына айтты. Қала басшысы баспана алудың механизмдерін түсіндіріп, банк қызметкерлерімен осы мәселе төңірегінде кеңес алу қажеттігін жеткізді.
І топтағы мүгедек қызымен бірге тұрып жатқан Жапаш Шәкенов есімді қала тұрғыны уақытша пәтерлерінің терезесі жоқ, жайсыз екенін, тұрғын үй кезегінде 472-ші болып тұрғанымен кезектің жылжымай жатқанын алға тартты. Қала әкімі пәтер тек заң аясында кезекпен берілетінін жеткізді. Жеке кәсіпкер Әділхан Малгелдинов жер учаскесіне коммуникация өткізуге көмек сұрай келді. Әкім барлығы қаржы мәселесіне тірелетінін айта келе, өтініш иесіне инвестор ретінде кәсіпкерлік бөліміне барып, бизнес-жобаларын қаратуға кеңес берді.
Қабылдауға жазылған зейнеткер Кәбира Сақыпова осыған дейін мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға қатысты құжат дайындау туралы екі мәрте хабарланғанымен әлі күнге пәтер ала алмай отырғанын баяндады. Пәтер кезегінде 119-шы болып тіркелген қарт анаға қала әкімі мәселені жеке бақылауына алатынын айтты. Баспана мәселесімен келген Рәшида Қазбекова есімді қала тұрғыны осыған дейін ұсынылған пәтерден бас тарту себебін түсіндірді. Ол І топтағы мүгедек баласы үшін алатын пәтердің шаршы метрі заңға сай болуын талап етіп отыр. Әкім өтініш иесінің талабы басты назарда ұсталатынын жеткізді. Шаһар басшысы, сондай-ақ, әкімдікте бірнеше тұрғынның өтініш-тілегін тыңдады.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий