Қиын қызметті өнермен ұштастырғандар

Ақмола облыстық ішкі істер басқармасы Қазақстан полициясының 25 жылдығы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында ІІД қызметкерлері арасында авторлық жобалар байқауын өткізді. Бірінші рет ұйымдастырылған мазмұнды шараға қиын қызметте жүріп өнерді жанына серік еткен 20 адам қатысты.

Расында да, күндіз-түні күзетте, уақытпен санаспай, қылмыскерлерді құрықтап жұмыс үстінде жүретін полиция қызметкерлерін шығармашылықпен айналысады-ау деп көп адам ойламайтын да болса керек. Мұндай шараның бұрын-соңды өтпегенінің де себебі сол. Бірақ, ұйымдастырушылар бастамасы өзін-өзі ақтады. Погон тағып, таңды таңға ұластырып ат үстінде жүретін қызметкерлердің ішінен жиырма адам табылды. Оның ішінде сурет салатын да, кесте тоқитын да, өлең жазып, ән шығаратын да, тағы басқа адамның ойына да келмес неше түрлі шығармашылық істермен айналысатындар бар болып шықты! Қатысушылар қатары көбейіп, олардың шығармашылықтары айтуға тұрарлықтай болған соң, шараны өткізу де үлкен бір салтанатқа ұласты, дайындық күшейді. Олардың әрқайсысына бейнесюжет жасалып, папкалар жинақталды. Ол бейнебаян, мәтіндерде қатысушы туралы толық мәліметтер, өнерлерінің қыры мен сыры баян етілді. Ал, байқауға ұсынылған дүниелерді бағалау үшін Ақмола облыстық Суретшілер одағының төрағасы Ю.Попов, «Көкшетау» газетінің бас редакторы С.Жетпісқалиев, Көкшетау қаласы музейінің директоры Б.Жакетова, Ақмола облыстық өлкетану музейінің директоры К.Мұқышев, Көкшетау қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің басшысы А.Сабитовалар шақырылған.
…Ішкі істер департаментінің акт залы сахнасына байқауға қатысушылар ұсынған өнер туындылары орналастырылыпты. Көрсең – көз сүйсінетіндей. Туған өлкенің көрікті жерлерін әртүрлі көңіл-күйде бейнелеген картиналар бірінен-бірі өтеді. Бейнебір кәсіби қылқалам шебері салған суреттер сияқты. Оның авторы ішкі әскер қызметінің майоры Анатолий Полеткин екен. Жалпы, отыздан астам еңбегі бар көрінеді. Өңірде өтетін көрмелерге талай қатысып жүрген белгілі суретші болып шықты. Мынау аллюмин сымнан жасалған экскаватор, паравоз, автомат, пистолет дейсіз бе, әр «буыны» қимылдайтын неше түрлі бұйымдардың авторы отставкадағы подполковник Марат Камелинов. Ол өз қолынан шыққан бұйымдарын қозғалыс үстінде көрсетіп, қызықтыруда. Осындай 400-ге жуық заттар жасапты! Бірер күннің шаруасы емес екенін аңғару қиын емес. Одан әрі подполковник Сәуле Жұмалинаның тоқыған бас киім, қолғап, бөкебайларын тамашаладық. Полиция капитаны, «СОБР» инспекторы, қолма-қол айқастың шебері, төрт бала тәрбиелеп отырған Роза Искаренованың іліп тоқу әдісімен қай уақытта осыншама бұйым тоқитынына қайран қаласың!
Капитан Елена Деревцова тоқу өнерімен бұрыннан танымал. Қала көрмелерінен үнемі көзіміз шалады. Бұландылық аға лейтенант Жанар Ыдырысова да өнердің осы түрімен машықтанатын болып шықты. Департаменттің бас маманы Гүлнар Мұстафина мен майор Динара Ахметжанова ұлттық нақыштағы кілемше, жастықтар, тағы басқа үй бұйымдарын тігіп, тоқып, тамаша тартулар жасайды екен. Бурабай ауданының өкілі, майор Қуаныш Тоқанов ағаштан түйін түйер шебер. Бұландылық аға сержант Медеу Сүгіралин ағашқа күйдіріп ою-өрнек салу, тұрмысқа қажетті бұйымдарды келістіріп жасайтын өнерін ұсыныпты.
Подполковник Еркін Нұрышев пен аға лейтенант Ербол Исаховтар өздері шығарған әндерін орындап риза қылса, оңашада ой кешіп, өлең жазатындар полиция қызметкерлері, тіпті көп екен. Өңірде алғаш өтіп отырған осы байқауға отставкадағы майор Бабыр Бағысов, майорлар Партизан Ардабек, Гүлнар Жакетова, Александр Попов, капитан Қуаныш Есембековтар өлеңдерін жолдаса, отставкадағы полковник Жанат Оразалин «Алқатерек – қасиетті мекенім», Теңдік Сәдуақасов «Ісімен, мінезімен биік тұр» атты кітабын ұсыныпты. Осылайша, ішкі істер департаменті басшылығы өздерінің ардагерлер кеңесі (Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Д.Нұрғалиев) және департамент музейі (музей меңгерушісі Амантай Ысқақова) қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тартымды бір шара өткізді. Ұйымдастырушылар айтқандай, полиция қатарындағы жастардың бойында патриоттық сезімді ояту, қоғамның полиция қызметіне деген оң көзқарасын қалыптастыру, қызметкерлердің жан-жақты дамуына жол ашуды мақсат еткен мазмұнды байқаудың болашақта дәстүрге айналарына сенім мол.

Асхат Шәріпбаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий