Қолайлы жағалау, салтанатты сарайлар – болашақ қамы

Қала тұрғындары көл жағалай салынар көлік, велосипедшілер, жаяу жүргіншілер, арнайы төсенішті жүгірушілер жолдарының салынуы, «Көктем» шағын ауданының көлге таяу жерінен оқушы-жастарға арналған «Болашақ сарайының» бой көтеруі, одан әрі самал ескен «Сарыарқа» шағын ауданынан жаңа Неке сарайы, бизнес орталығы, емхана, 1200 орындық мектеп, дүкендер мен дәмханалар, 280 орындық балабақша, тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынатындығын қуанышпен қабылдағаны белгілі. Келбетті нысандар көгілдір белдеу, көшеттер, газондармен көмкерілмек. Көкшетауды сол бағытқа қарай өседі деген әңгіме шыққалы қашан? Орындалмас армандай, аңыздай көрінетін. Енді, міне, қолға алынды. Абылай ақ туын көтеріп, Кенесары қол бастаған, Қанай би билік құрған, қойнауы аңызға толы өлкедегі көк желекті Көкшетау қаласы дәл сол аңыздағыдай дүр сілкініп, тез көтерілуде. Республикадан бөлінген қомақты қаражаттың екпінімен жоспарланған жұмыстар көзді ашып-жұмғанша жүзеге асуда. Жаңағы жайлы жағалау, оқушының ой өрісін жетілдіріп, дамуына игілікті ықпал етер сарай, тағы басқа толып жатқан нысандар күзге салым пайдалануға берілмек. Өйткені, қоңыр күзде, Көкшетауда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің өңіраралық форум аясындағы кездесуі дәл осы «Болашақ сарайында» өтпек. Ол форумның облыс, қала дамуы-
на тигізер оң әсері туралы әлі талай жазылар. Әйтеуір, игілігі, пайдасы болары сөзсіз.
Бұл арада қазақтың «тойдың болғанынан, боладысы» қызық деген қағидасы еске түседі. Өңірдің әл-ауқатын жақсартуға, экономикасын дамытуға зор ықпал етер, талай істің іргетасын қалар форум да өтер. Ал, сол ауқымды шараға дайындық арқасында төл шаһарымызда қаншама шаруа ыждағатпен жүргізіліп, атқарылып қалмақ! Қала, облыс сәулетшілері мен құрылысшыларының құлшынысы, ұмтылысы осы!
Тағы бір көңіл қуантып, қол соққызар шешім биыл 175 жылдығы тойлану үстіндегі Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнатылатыны. Және ол ескерткіштің қаланың қақ ортасынан өтіп, тауға тірелер Абай көшесінің басына, Бұқпаның бөктерінен орын тебуі. Бұл бір қала мерейін асырар, көркін кемелдендіре түсер жарасымды көрініс болмақ. Қаланың бір биігінен жұртына ақыл мен парасатты, әділдік пен мейірімді, қанағат пен салауатты, қамшы сабындай қысқа өмірдің мәнін айтып данышпан Абай тұрмақ! Тутұғырға да биіктен орын тимек. Оның айналасы тағылымды-танымдық композициялармен толықтырылмақ.
Көл жағасындағы жаңа жол бойымен Қылшақтының Қопаға құяр тұсынан жаңа салынатын көпірдің қуанышы көп болмақ.Жазира жол – Ғабдуллин көшесі бойынан Қылшақты үстінен Абылай хан даңғылына өтер тұстан салынған жол, көпір, Назарбаев даңғылымен С.Жүнісов, М.Әуезов, Абай көшелері қиылыстарындағы жолайрық- қалта жолдар қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп-ақ тастады. «Сарыарқа» шағын ауданымен солтүстікке қарай созыла түскендей көрінген қала қайта жүріп-тұруға қолайлы болып, кірігіп, жақындай түскендей. Ташенов, Наурызбай батыр, Сәдуақасов көшелері сайрап жатыр. Кең қанатты, кең тынысты Б.Әшімов көшесі «Шанхаймен» екі араны жақындатып, асудан асырғандай болды. Салынып жатқан, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлерде есеп жоқ. Үйге кезекте талай жыл тапжылмай тұрып қалғандар су жаңа пәтерге ие болып, қуанып жатыр. Кезегі тізімнің соңында, үй алғанша талай жыл өтер деп қиналғандар бірер жылда үйлі болатынына көздері жетіп, көңілді жүр. Тұрғын үйлерге қоса балабақшалар, балалардың ойын және спорт алаңдары көптеп салынуда. Биылғы жаңа оқу жылына дейін №1, №6, №13 мектептерге қосымша ғимараттар салынып, пайдалануға берілмек. Бұған дейін қаншама мектеп қосымша ғимаратқа ие болғаны белгілі.
Жалпы, Көкшетаудың соңғы жылдарғы даму қарқыны ерекше.Оған күзде екі ел басшылары қатынасымен өтетін форум жаңа серпін, дем берді. Қысқа уақытта тағы бір алға басу жүзеге аспақ. Тұрғындар осыған қуанулы.
Толғанысты әңгімеміз тол-қынды Қопаның жағалауынан бой көтерер «Болашақ сарайынан»
басталып еді-ау. Оқырман-дарымыз арагідік осы оқушылар сарайы ішінде қандай жұмыстар атқарылатыны туралы сұрайды. Енді бірер сөзбен соған жауап бере кетейік. Сарай екі ғимараттан тұрады. Балалардың интеллектуалдық және дене шынықтыруы жағынан дамуына кең жол ашылады. Онда бассейндер, спорт залдары, алаңдар, технопарктер, шығармашылық үйірмелер жұмыс істемек.
Шындап келгенде «Болашақ сарайы» да, басқа нысандар да тұрғындарға қолайлылық, болашағымыз – балаларымыздың дамуы, жетілуі, төл қаламыздың көркі мен келбеті үшін жасалады емес пе? Қалай қуанбассың?!

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий