Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы

Ақмола облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 қыркүйектегі қаулысымен Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанындағы «Көкшетау медициналық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының атауы «Көкшетау жоғары медициналық колледжі» деп өзгертілді. Жақында аталған оқу орнында «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат білім беру бағдарламасының тұсаукесері өтті. Аталған шараға Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Гүлнәр Құлышева, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Алма Раева, Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері Серік Кәкенов, Көкшетау жоғары медициналық колледжінің директоры Светлана Мұратбекова қатысты.

Қазақстан Республикасындағы «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкерлері Финляндияның JAMK және Lahti қолданбалы ғылымдар университеттеріндегі әріптестерімен бірлесіп, мейірбикелерге білім беру жүйесін жетілдіру жөнінде «Жол картасын» жасады. Осыған орай фин және отандық мамандар үшін «Мейірбике ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың білім беру стандарты құрылды. Аталған бағдарлама бойынша бұрын оқыған мейірбикелер Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұйғарымымен Көкшетау жоғары медициналық колледжінде біржарым жыл оқып, кәсіби біліктілігін онан әрі жетілдіре алады. Мұндағы басты мақсат медициналық қызмет көрсетуде маман мейірбикелердің рөлін көтеріп, олардың жауапкершілігін арттыру. Сонымен бірге мейірбикелердің қызмет істеу дербестігі мен өкілеттігі ұлғаймақ. Қолданбалы бакалавриат бағдарламасында еуропалық директиваларға сәйкес дуальды оқу қағидалары қарастырылған. Яғни, мейірбикелер де клиникалық базаларда өндірістік тағылымдамадан өтетін болады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс