Қол жеткен жетістік жігерлендіреді

«Нұр Отан» партиясы өңірлік филиалының 18 қарашада өткен XXVI есеп беру-сайлау конференциясында облыс әкімі, облыстық филиалдың төрағасы Сергей Кулагин жыл ішінде атқарған жұмыс қорытындысы бойынша баяндама жасады. Жиында бақылау-тексеру комиссиясының есебі тыңдалып, саяси кеңестің, тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланды. Облыстық филиалдың төрағалығына облыс әкімі Сергей Кулагинді қайта сайлау жөніндегі ұсынысты конференция делегаттары бірауыздан қолдады. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов қатысып, сөз сөйледі. Жиынға партияның жергілікті филиалдарының төрағалары және бірінші орынбасарлары қатысты. Ақмола облысының әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Сергей Кулагин есепті баяндамасында филиалдың атқарған жұмыс қорытындысын жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырды.

Қоғамдағы саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясының белсенді жұмыс жүргізуінің нәтижесінде жыл ішінде бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Әсіресе, «Индустриялдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Агробизнес», «Денсаулық», «Білім беру», «Нұрлы жол» жобаларын жүзеге асыруда әжептәуір жетістіктерге қол жеткізілді. Ағымдағы жылдың он айы ішінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 326 миллиард теңгені құрап, өнімнің жалпы көлемінің индексі 104 пайыз-
ға жетті. Ауылшаруашылық саласындағы жалпы өнім көлемі 320 миллиард теңгеден айналды. Инвестиция көлемі 174 миллиард теңгеге жетіп, 2015 жылмен салыстырғанда 109 пайызға өсті. Құрылысшылар қарқынды еңбек етіп, қаңтар-қазан айларында 304 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Облыс бойынша 2790 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Жұмыссыздар саны қысқарып, орташа жалақы былтырғы жылмен салыстырғанда 156 пайызға өсті. Қол жеткен бұл жетістіктер жылды табыспен қорытындылауға толық ке-
пілдік беріп отыр. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде 530 мектепке дейінгі мекемелер ашылды: оның 154-і балабақша, 377-сі шағын орталықтар. Нәтижесінде балаларды қамту көрсеткіші 95 пайызға жетті. Елбасының кәсіби-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі тапсырмасы бойынша дуальды оқыту жүйесі енгізілді. Оқытудың осы жүйесіне көшкен колледждер саны 23-ке көбейді. Оларда металлургия, машина жасау, сервис, ауылшаруашылығы салалары бойынша мамандар даярлануда. Сонымен бірге оқуын әрі қарай жалғастыра алмаған 110 орта мектеп түлегі еңбекке тартылды. Денсаулық саласында қол жеткен жетістік те айтарлықтай. Ағымдағы жылы адам өлімі 6,3 пайызға азайып, туберкулезбен науқастану 3,8 пайызға, инсульт 16 пайызға, жарақат 9,6 пайызға төмендеді. Емдеу мекемелерін салуға, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жіті көңіл бөлінуде. Соңғы он бес жылдың ішінде өңірде 34 нысан ашылыпты. Облыстық ауруханада кардиология, офтальмология және реабилитация орталықтарының ашылуы күрделі ота жасауға мүмкіндік берді. Тұрғындарды дене тәрбиесі және спортпен қамту жөніндегі тапсырма жыл аяғына дейін 100 пайызға орындалмақ. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өңірде 834 спорт нысаны салынды. Соңғы үш жылда Зеренді, Атбасар, Жарқайың
аудандарында дене тәрбиесі-сауықтыру кешені, Ақкөлде жүзу бассейні, Көкшетау қаласында теннис орталығы салынды. Облыста 11 музей, 378 кітапхана, 269 клуб жұмыс істейді.
Партияның орталық аппаратының тапсырмасы бойынша тоғыз жоба жүзеге асырылуда. «Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел» жобасын белсенділікпен жүргізудің нәтижесінде үш тоқсанда құқық бұзушылық 10,3 пайызға төмендеді. Алайда, сыбайлас жемқорлық құбылыстары Көкшетау, Степногорск қалалары мен Целиноград, Еңбекшілдер, Бурабай, Зеренді, Астрахан, Қорғалжын, Жарқайың, Егіндікөл аудандарында көптеп байқалуда. «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ» жобалары да өміршеңдігімен танылды. 100.000 зейнеткер, оның ішінде 8 мың тыл еңбеккері, 137 майдангер партия белсенділерінің қамқорлығына бөленіп, 445 мүгедек жұмысқа орналастырылды. 2282 жетім бала қамқоршылармен, патронаттармен қамтылса, 310 жеткіншек балалар үйінде тәрбиеленуде.
Есепті мерзім ішінде аймақтық филиал мүшелерінің саны 28 пайызға өсті. Яғни, 44700 адамды құрап отыр. Бұл – тұрғындардың экономикалық белсенді тобының 10,3 пайызы. Партиялық ішкі тәртіптің қатаң сақталуынан жарна жинау көрсеткіші 100 пайызға орындалды. Партиялық құрылыстың құрамдас маңызды бөлігі болып мәслихаттардағы депутаттар фракциясы саналады. Өйткені, 276 депутаттың 267-і нұротандықтар болып саналады. Алтыншы шақырылымда депутаттық корпустың сапалық құрамы едәуір жақсарды: халық қалау-
лыларының 69-ы нәзік жандар, он сегізі отыз жасқа дейінгілер. Облыстық және Көкшетау қалалық мәслихаттарының «Кездесеміз, талқылаймыз, шешеміз» акциясы өңірде кең қолдау тапты. Ағымдағы жылдың он айында қоғамдық қабылдауға 3260 өтініш келіп түсті. Адамдар тұрғын үй-коммуналдық сала, әлеуметтік қамту, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй салу үшін жер учаскелері мәселелері бойынша көбірек шағымданды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс