Қопаны тазартудың жолдары көп

  «Казахрыбхоз» балық шаруашылығы субьектілері мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігі республикалық Ассоциациясының директоры, Арал теңізі жағасында балықшының отбасында өскен Жеткерген Әбдиұлы Әбдиев Көкшетаудағы Қопа көлін сақтап қалу, балық шаруашылығын дамыту жолдары жайлы сырымен бөлісті. Мамандардың айтуынша, көлдің шаяны азайса, бұл оның лайланып кеткенін білдіреді. Көз көргендер бұрындары Қопа көлінің балығы шоршып, шаяндары жағаға шығып жататын еді дейді. Оны тіпті қаппен аулаған кездері де болыпты. Соңғы жылдары бұл көлдің де шаяны азайып кеткені әбден лайланғанының белгісі. Осы мәселе жақында Қазақстанның Коммунистік халық партиясының жергілікті жердегі филиалында өткен кездесу барысында талқыланды. Оған табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, жануарлар дүниесін қорғау саласының мамандары қатысып, өз ойын ортаға салған еді. Ал бұл сұхбат сол кездесудің заңды жалғасы іспетті.

dav
dav

«Көкшетау» газеті: Жеткерген Әбдиұлы, жалпы Көкше өңіріндегі көлдерде қандай балықтың түрлері көп тараған?
Жеткерген Әбдиев: Көкшетаудың көлдерінде балықтың 8-9 түрі бар. Атап айтқанда: тұқы, көксерке, шортан, торта, алабұға және мөңке. Сонымен қатар оның қорын көбейтуге себеп болатын Зерендідегі питомникте сиг балығының уылдырығы арқылы басқа да түрлерін: рипус, пелядь өсіреміз. Оларды таяз көлдерге жіберіп, 1-2 жылдық өнім шығарып, жерсіндіруге тырысамыз. Уылдырықтар көбінесе Ресей жерінен әкелінеді.
«Көкшетау» газеті: Олардың осы жақтағы балықтардан қандай ерекшелігі бар?
Жеткерген Әбдиев: Бұлар суыққа өте төзімді. Санкт-Петербургтің жанында Онежское көлі бар. 1956 жылдары сол жақтың климатын осы жақтың климатымен салыстырып, ихтиологтар балықтардың жоғарыда атаған түрлерін бізде өсіруге болады деп алып келген. Ол балықтардың табиғи, өзіндік өнімі болмайды. Тек қолдан ұрықтандыру арқылы ғана көбейту керек. Күз айында көлден тұқымын жинап алып, алты-жеті ай бойы өсіріп барып, көлге жібереміз. Бұл балықтарды сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағандыда да өсіреді.
«Көкшетау» газеті: Кеңес үкіметі тұсында балық шаруашылығы қаншалықты дамыды?
Жеткерген Әбдиев: Ол кезде үкімет ауыл шаруашылығына арнайы дотация бөлетін. Қазір ондай жоқ. Балық шаруашылығына ешқандай көмек көрсетілмейді. Көлді жалға алсаңыз, оның күтімі, балығының көп болуы, тазартылуы, бәрі-бәрі тек бір өзіңізге жүктеледі. Жоғарыдан көмек болмағандықтан, балық шаруашылығының 2-3 жылда қалпына келуі мүмкін емес. Бірінші жылы құртшабақ болады, одан кейін балашық болады, екі жылдық балықтарда тауарлық түр болмайды, тек үш жылдықтары – өскін, ал бес жылдықтары ғана аналық болады. Сондықтан қанша уақыт күту керек. Ал бізде жылы күндер 2-3 айға ғана созылады, тез суып кетеді. Бұл балықтар тек жылы күндері ғана өседі, сол уақытта ғана қоректенеді. Бәрі ауа райына байланыс-ты. Бағалы балықтардың бұл жерде болмау себебі де сондықтан. Біздің өңірде балықтың тұншығуы көп. Сол себепті мөңке балық мұнда көп өсіріледі. Ол онша тұншықпайды. Ауаның жетіспеушілігіне төзімді келеді. Бірақ көлдерді жалға алып жұмыс істеп жатқан адамдар қол қусырып қарап отырған жоқ. Балықтың басқа түрлерін әкеліп, өсіріп жатыр. Егер үкімет тарапынан қолдау, көмек болса, әсіресе салықты азайтса, олардың жұмыстары жақсы дамитын еді.
«Көкшетау» газеті: Өзіңіз айтқандай, солтүстік өңірде жылы күндер аз. Қатты суықтарда көлдегі балықтарды қосымша қоректендіру де қажет шығар?
Жеткерген Әбдиев: Әрине, ол жыл бойы жүргізіледі. Мысалы, көлді жалға алып, тұщы суға бейім бүрге балық – тұқыны өсіріп жатсаңыз, оны қосымша азықтандырып, қыстың күндері көлдің мұзын ойып, ауа жіберуіңіз керек. Біздің өңір жауынды-шашынды емес. Ыстық күндері көлдердің 3/1 бөлігі азайып, тартылып кетеді. Сондықтан оның суын молықтыру үшін қыста қар тоқтату жұмыстарын жүргізеді. Көлдің қамысын орады. Осының бәрі үлкен шығын, еңбек, материалдық ресурстар талап етіледі. Қамыс оратын, суда жүзетін арнайы техникасы, құрал-жабдықтары міндетті түрде болуы тиіс.
«Көкшетау» газеті: Ал қарапайым халықтың балық шаруашылығына деген көзқарасы қандай? Олар қаншалықты сауатты?
Жеткерген Әбдиев: Қарапайым халықтың ол жайлы түсінігі мүлдем басқа. Олар көлді жалға алған адамның тірлігіне мән бермейді. Түсінбейді десе де болады. Бұл жер біздікі, бұл көл құдайдың берген сыйы, оны біз еркін пайдалануымыз керек деген сияқты даулы мәселелер өте көп. Соңғы екі жылда біздің қоғамдық бірлестік мынадай бастама көтердік. Кішкентай баладан бастап ересектерге дейін қолдарына қармақ алып, көлге барса, не ілігеді соны тартып алады. Қармақ та қару болып есептеледі. Дамыған шетелдерде балық аулау мәдениеті бар. Халыққа арнайы білім беріледі. Елімізде жануарлар дүниесіне арналған заң бар. Оған өмірдің ағымына сәйкес екі жыл сайын өзгерістер енгізіліп отырады. Заңды білмеген адам қолына қару алып аңға шықса, балық аулауға барса, оның соңы жақсылыққа апармайды. Ол тіпті табиғи апатты тудыруы мүмкін. Сондықтан біз қарапайым халыққа қарапайым тілмен балық аулау мәдениетін үйретіп, сауатын ашқымыз келеді. Дәл сондай білім көлді жалға алып жатқан адамдарға да керек. Мысалы, жарты жылдың ішінде Қазақстанда 186 адам суға кетіпті. Соның ішінде балалар қалай батып кетті? Көпшілігі Нұра, Есілге қолына қармақ алып, балық аулай барғанда батып кеткен. Мен балықты қызғанып отырған жоқпын. Қармақ та қарудың бір түрі. Оған балық қана ілігіп қоймай, адам да түсіп қалуы мүмкін.
«Көкшетау» газеті: Балық аулаудың өз заңдылығы бар дейсіз ғой?
Жеткерген Әбдиев: Оның қандай түрлерін аулау керек, қай уақытта, қандай маусымда, қай жерде қармақ салуға болады деген сияқты балық аулаудың өз заңдары бар. Балық уылдырық шашқан кезде көлге мүлдем жолауға болмайды. Ал қолына қармақ ұстап, 5 келі балық алған адамның өзі қылмыскер болып саналады. Біз билік өкілдерінің назарына осыны зарын қып айтып келеміз. Екі жыл бойы селекторлық жиналыстарда көтеріп келдік. Депутаттар бізді қолдады. Құжаттар әзірленіп, бәрі дайын болып, жоғарыға жөнелтіледі деген кезде, іске аспай қалды. Қазір кез келген адам қармағын алып, балық аулай беруге құқылы. Ол тіпті көлді жалға алған адамның да аумағына еркін кіре алады. Соның өзінде мәдениеттілікті жоғары қою керек. Мейлі ол балық аулайтын жеке тұлға болсын, балық аулайтын заңды тұлға болсын, тәртіп керек. Ал белгілі бір заңсыздықты көріп тұрған адам немқұрайлылық танытпай, қасына барып, соны айтып кетуі тиіс. Өз жерімізге, өз көлімізге жанымыз ашымаса, кімнің жаны ашиды? Балық шаруашылығында 57 жыл жұмыс істеймін. Өскен балық халықтың игілігіне жарасын деп тілеймін. Тек сол байлықты көздің қарашығындай сақтау керек дегенді айтқым келеді. Балық аулайтын жер бөлек, суға шомылатын жер бөлек, демалыс орны бөлек болу керек.
«Көкшетау» газеті: Қопа көлін тазартуға қатысты мәселе бірнеше жыл қатарынан көтеріліп келеді. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Осы тығырықтан шығар жол бар ма?
Жеткерген Әбдиев: Мен осы өңірге қызметке келгеніме отыз жылдан асып кетті. Сол уақыт аралығында осы мәселе көтеріліп келеді. Алайда көлді тазартудың нақты жобасы әлі жоқ. Ал Қопа көлін тазалау керек, лайын алу керек. Ол бүкіл халықтың ісі болуы тиіс. Қаншама айтыс, тартыс болды осы мәселе төңірегінде. Айналып келгенде бәрі миллиардтаған қаржыға келіп тіреледі. Алайда ондай қаржы алатындай деңгейге біз әлі жеткен жоқпыз, ондай әдістеме де жоқ. Мысалы, Бурабай көлін тазарту туралы мәселе көтерілгенде, алдымен оның астын сканерлеп, қай жерде лай бар сол жерін ғана қозғайық дедік. Біз бәрін қопарып тастап, күні ертеңдері көлімізден айрылып қалуымыз мүмкін. Өйткені оны молықтырып тұратын бастаулары бар, бір сағадан кіріп, екінші сағадан шығатын көздері бар. Егер соларды жауып тастасақ, көлдің табиғи дамуына үлкен зиянын тигіземіз. Сондықтан абайлайық, ақшаға қызығып, табиғаттың берген сыйынан айрылып қалмайық дедік. Менің Ресейде тұратын бір досым бар. Сол Түменде кішігірім көлдердің түбіндегі шірік тұнбасын алып, соны тыңайтқышқа пайдаланып жатырмыз деді. Қопаның да осындай өсімдік пен жануарларының шіріп қалған қалдықтарын егістікке, бау-бақша шаруашылығына, гүл өсіруге пайдалануға болады. Ол экологиялық таза, жуылған, құм сияқты, үлпілдек нәрсе. Бұл да болашақтың еншісінде. Бүкіл көлдің астын тазалап, тақыр қылып тастау деген сөз емес. Қопаның суы ішетін су емес. Ол – халықтың дем алатын орны. Біздің бір жобамыз бойынша халық пен көлдің арасында бір жолақ болуы тиіс. Ол жолақты ешкім бас-пауы, ешкім бұзбауы тиіс. Жан-жағына ағаш отырғызылып, көл тереңдетілуі керек. Тағы бір көтерген бастамамыз бойынша Аршалыда, Шағалалыдағы үлкен су қоймаларында кәсіби балық аулауды тоқтаттық. Сондай-ақ, Қопа көлінде де сол әуестікке тыйым салынды. Кәсіби балық аулаған адам ол көлге ешкімді жақындатпайды, өйткені оны жалға алған. Сондықтан өзін иесімін деп санайды. Біз соған тыйым салдық. Кәсіби балық аулаған адам қатты дауылдарда, жел көтерілгенде ауға түскен балығын көруге бармайды. Ол тұрып-тұрып бұзылады. Балықшы оны керексіз етіп, көлге лақтыра салады. Осының бәрі экологиялық жағдайға әсерін тигізеді. Өзіміз суын ішіп отырған Шағалалы су қоймасында кәсіби балық аулауды тоқтатуымыздың бірден-бір себебі осы. Биыл Сілеті су қоймасында да осы шараны жасадық. Келешекте халық қай жерден су алып ішеді, сол жердің бәрінде кәсіби балық аулауды тоқтатып, әуесқой балық аулауға жол беретін боламыз деп шештік.
«Көкшетау» газеті: Әуесқой балық аулау-ды да кәсіпке айналдыруға болатын шығар?
Жеткерген Әбдиев: Әрине болады. Мысалы, Алматының түбінде Түрген деген жер бар. Соның көлінде алабалық өсіріледі. Демалатын орын да жасалған. Сонда барасыз, ақшасын төлейсіз, алабалықты аулайсыз, сізге олар дайындап береді. Таудың таза ауасымен тыныстап, тіпті қонып қайтасыз. Бізде де солай жасауға болады. Спорттық-әуесқой балық аулауға рұқсат берілген. Тек соны дұрыс жолға қоя білу керек. Біз сол бағытты қолдаймыз. Ең басты мақсатымыз – балық шаруашылығын халыққа жақындату. Еш уақытта көл жекеменшікке берілмейді, тек жалға ғана беріледі. Оның өз шектеулері бар. Соған бағыну керек.
«Көкшетау» газеті: Қопа көлінде балықтың қандай түрлері бар?
Жеткерген Әбдиев: Тұқы, ақтабан, көксерке, алабұға сияқты балықтар бар. Екі жыл қатарынан Ресейден әкелінген, көлдің шөбін жейтін дөңмаңдай мен амур балықтарын жібердік. Ондағы мақсатымыз, көлді гүлденуден сақтап қалу. Алайда қазір Қопаның нақты иесі жоқ. Оны жалға алу туралы хабарландырулар жасап жатырмыз. Қопаның тазалығын сақтап, халық игілігіне жаратамын дейтін жанашыр азаматтар табылса, біз қашанда қолдау білдіруге дайынбыз. Көкшетауда бұрын балық заводы болған. Ол жабылып қалды. Осы жердің балығынан көп өнім дайындап, жергілікті халықтың қажетін қанағаттандыруға әбден болады. Алайда соған әлі сауатымыз жетпей жатыр. Қопаның маңайындағы жер үйлер түгел сырылып, көл мен халықтың арасында белгілі бір жолақ жасалып, тәртіпке келтірілсе, табиғаттың бізге берген сыйын сақтап қалуға мол мүмкіндік бар. Тек соған тез кірісу керек. Әйтпесе өкініп қалуымыз мүмкін. Қопа тартылып, құрғап, сор-батпаққа айналса, біздің сорымызға айналады.
«Көкшетау» газеті: Әңгімеңізге рахмет!

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий