Қопа көлінде жазғы демалыс аймағы ашылды

Биыл көкшетаулықтардың және қала меймандарының жазғы демалысын ұйымдастыру шаралары белсенді түрде жүргізілуде. Айдын көлдің жағалауына қоныстанған қала болғандықтан, келушілерге туристік және сервистік қызмет көрсету мақсатында жазғы демалыс аймағы ашылды. Биылғы жылдың 6 айы ішінде қалаға 10 мыңнан аса туристер ат басын тіреген.  Шілденің ыстығында шомылу маусымы күніне  2 мыңдай көкшетаулықты жинауда. Осыдан төрт жыл бұрын көлге жақын орналасқан жекеменшік тұрғын үйлер алынып, оның орнына осызаманғы өскелең талаптарға сай демалыс және сауда орындары, тұтас тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Негізгі жағажай  Горький көшесі бойындағы теннис орталығы мен «Жансая» жаңа тұрғын үй кешені маңында жасалды. «Куйбышев және Горький көшелері тұсынан Қопа көлінің жағалауында жағажай аймағы абаттандырылды, маңайы қоршалып, құмы ретке келтірілді, киініп-шешіну кабиналары, орындықтар, биотуалеттер орнатылды, жазғы дәмхана салынды. Жалпы, жоба құны 7 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі уақытта қысқы дәмхана құрылысы жүруде», – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов.
Бұған дейін Қопа көлінің жағалауында инфрақұрылымы толық сақталған жағажай болған емес. Демалысқа лайықты коммуналдық және сервистік қызмет көрсетілмегендіктен әркім өз бетінше суға шомылуды әдетке айналдырды. Енді ресми түрде ашылған жағажайдың судан құтқарушылары, тәртіпті қадағалаушылары бар. «Біз жағажайға келушілерге қазақ және орыс тілдерінде дайындалған жадынамаларды таратамыз. Тыйым салынған ережелерді түсіндіреміз, кеңес береміз. Қарапайым да қажетті ескертпелер бар. Одан арыға жүзудің қауіпті екенін ескертетін белгілер орнатылған, биік бақылау мұнарынан құтқарушылар қарап тұрады, қайық, басқа құрал-жабдық, бәрі дайын», – дейді шұғыл құтқарушылар отряды жетекшісінің орынбасары Талғат Айтпаев.
Көлдің экологиясына кері әсер тигізбеу мақсатында жағажайда тазалық бейсенбіліктері ұйымдастырылуда. «Жазғы демалыстың қазіргідей қызған шағында қаламыздың тазалығын сақтауға біз де өз үлесімізді қосқымыз келеді. Сол себепті тазалық бейсенбілігіне өз ұжымымыз болып бір кісідей қатыстық. Мұндай шараны алдағы уақытта дәстүрге айналдыру керек. Өйткені, қаламыздың тазалығы ешкімді бейжай қалдырмауға тиіс»,–деп пікірін білдірді Көкшетау қаласы қаржы бөлімінің бюджеттік сектор меңгерушісі Гүлнар Құстаева.
Жағажайға келіп демалушылар катамаран және су скутерлерінің қызметін, батутты пайдалана алады. Күнге қыздырынып кетпеу үшін жағажай бойынша зонттар орнатылды және шешінетін орындар жасалды. Су қашанда адамға көтеріңкі көңіл сыйлайды, сергітеді. Суға түссең, шаршағаның басылып, жаның жадырайды. Жаз шыға жұрттың су іздеп, көлікке отырып, өзен-көлді жағалап кетері сондықтан. Ал, қала іргесінде Қопадай шалқыған шалқар көлдің болуы үлкен қуаныш, таптырмас олжа.     Міне, қаланың Куйбышев көшесінің көлге тірелетін тұсынан арнайы жағажайдың ашылуы қала халқына жаңа бір тыныс болды.

Әсем Ұланқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий