Қопа көліне майшабақтар жіберілді

Көкшетаудағы Қопа көліне тұңғыш рет Зеренді балық питомнигінде өсірілген 13 мыңға жуық ақ амур және 3 мыңға тарта дөңмаңдай майшабақтары жіберілді. Мамандар мұның көлді табиғи жолмен тазартуға септігі тиеді дейді. Көлді молықтандыру шарасына өңір басшысы Мәлік Мырзалин мен қала әкімі Ермек Маржықпаев қатысты.

«Қопа көліне майшабақтарды жіберу жұмыстары алғаш рет ұйымдастырылып тұр. Бұл балықтар негізінен балдыр, шөппен қоректенеді. Енді бұдан бұлай шілде және тамыз айларында көлдің бетінде жасыл түс пайда болмайды. Өндірістік балық аулау жұмыстары бір жылға тоқтатылып, тек әуесқой балықшыларға ғана рұқсат етілмек. Бұл балықтар бір жылда өзінің қазіргі салмағынан екі есе өседі», – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров. Зеренді балық шаруашылығы кәсіпорнының директоры Валерий Пономаренконың айтуынша, питомникте шортан, тұқы, ақ амур, дөңмаңдай, сиг майшабақтары өсіріледі. Көктемде өңірдегі басқа да су қоймаларына балық жіберу жұмыстары жалғасады. Оның нәтижесі алдағы 2-3 жылда белгілі болады. Дегенмен, жіберілген балықтар Қопаның лай түбін толық тазартады деуге болмайды. Оған бәрібір механикалық тазарту жұмыстары қажет. Ал, көлдерді балықпен молықтыру шарасы міндетті түрде жалғасын табуы тиіс деді өз сөзінде облыс басшысы.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий