Қопа көлінің жағасындағы думан

Тамыздың 11-і күні Құрылысшылар мерекесі мен Халықаралық жастар күні бірге атап өтілді. Қос шараны бір күнге орайластырған ұйымдастырушылар әдеттегідей Тәуелсіздік алаңын емес, бұл жолы Қопа көлінің жағалауын таңдапты.

Думанды кеш болатынын естіген жастар түгел сол жаққа ағылды. Олардың қатарында орта жастағы адамдар да бар. Кәсіби мерекесін атап өтіп жүрген құрылысшылар да осында жүр. Жағажайға сахна орнатылып, түрлі баннерлер ілініпті. Жастар тілімен айтқанда «Open Air», яғни таза ауада өтетін музыкалық шара, фестиваль немесе танымал әртістер қатысатын концерттік бағдарлама, жастардың би кеші, дискотека. Міне, осының бәрі бір арнаға тоғысты. Жиналғандарды мерекемен құттықтап, кешті басынан аяғына дейін жүргізген Жалғас пен Диас есімді екі жігіт жастардың көңілін көтеріп, түрлі ойындар ойнатып, сыйлықтар үлестірді.
Фестивальға құрметті қонақ ретінде қазақстандық эстрада жұлдыздары «Алау» тобы, Ziruza, «Vox Akapella», «А Юми» тобы мен әнші Әли Оқапов шақырылды. Жағажайға жиналған көпшілік концерттік бағдарламаны аяғынан тік тұрып тыңдады, ырғаққа сай биледі, көңіл көтерді. Қопадан соққан самал желге құлағын тосып, таза ауада тыныстап, естелік суретке түсіп, түннің бір уағына дейін тарқамады. «Бүгінгі концерттік бағдарламаны әдейі көру үшін отбасымызбен келдік. Әрі Қопа көлінің жағасында мұндай шаралар үнемі бола бермейді ғой. Балаларым қуанып жүр. Әрі бүгін менің мерекем. Өзім құрылысшымын. Қаладағы көптеген ғимараттарға менің де қалағым тиген. Сондықтан барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Жастармен бірге көңіл көтеріп, өзім де бір жасап қалдым», – дейді Абылай Тәшенов. Ал, Жадыра мен Естай Есеновтар болса, күннің салқындығына қарамай, екі кішкентайын ала шығыпты. Мұрындары қызарып, көңілді кештің куәгері болған қос құлыншақ құлдыраңдап жүгіріп жүр. Осындай кең жерде фестиваль өткізілгені бізге ұнап жатыр дейді олар. Бұл күні қазақстандық эстрада жұлдыздарының өнеріне көпшілік тәнті болып, жастар жағы өздеріне таныс әуендерді бірге шырқап, ырғала биледі. Шара барысында шығармашыл жастардың байқауына қатысып, жүлдегер атанғандар бағалы сыйлықтарға ие болды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс