Қорықшы Самат Оспановқа «Айбын» ордені тапсырылды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев браконьерлер жаралаған «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Самат Оспановты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады. Министр астанадан Көкшетауға арнайы келіп, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасында емделіп жатқан қорықшымен кездесіп, хал-жағдайын сұрап білді. Қорықшының қызмет бабындағы ерен ерлігі мен жанқиярлығын айта келе, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған мемлекеттік награда – ІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыс етті. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгін Көкшетауға арнайы келіп, Самат әріптесімізге ыстық сәлемін жеткізіп отырмын. Бүгінгі күні қорықшылардың жұмысы өте ауыр. Бұған соңғы кездегі оқиғалар айқын дәлел. Сондықтан, алдағы уақытта қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізуді жоспарлап отырмыз. Браконьерлермен күресуде заңның қатал болғаны маңызды», – деп атап өтті министр. Аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Дмитрий Чайковтың айтуынша, қорықшы «кеудесіне тиген оқтан жарақат» және «сол жақ иығының жаралануы» диагноздарымен келіп түскен. «Науқасқа ота жасалып, денесіндегі бөтен зат алынды. Дер кезінде жеткізіліп, жедел ота жасалғандықтан оның жағдайы жақсы. Қазіргі кезде науқас нейрохирургия бөлімшесінің палатасына ауыстырылып, сонда одан әрі ем қабылдауда», – деді Дмитрий Чайков. Айта кетейік, 23 шілдеде шамамен сағат 11.00-де «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Орталық өңірлік филиалының инс-пекторлары Ақмола облысы, Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қарсы киік ату фактісін анықтайды. Заң бұзушылардың ізіне түскен екі инспекторға қарсы оқ атылып, соның салдарынан 1976 жылғы инспектор көз жұмды, ал, оның 1975 жылғы әріптесі жараланып, Жарқайың аудандық ауруханаға жатқызылған еді. Қайтыс болған қорықшының артында төрт баласы – үш қызы мен бір ұлы қалды.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий