«Қорқақ» індеттен қайтсек құтыламыз?

Коронавирус деген пәленің әлемді дүрбелеңге салғанына жылға жуықтады. Біреу «қолдан жасалды», біреу «тосыннан келді» деді. «Алқымнан алып, алып жығады» дегенге біреу сеніп, біреу сенбеді. «Тамағым тоқ, көйлегім көк, көлденең келген қайдағы бір тұмау-сүзекке алдыра қоймаспын» деп ерегесіп, елең қылмағандар болды. Бірақ, бірбүйірлеген қырсық індет әлем бойынша 1 853 549 адамның жанын алды. 5-ші қаңтардағы мәлімет бойынша елімізде 22 949 адам осы індеттен емделіп жатса, олардың ішінде 5 328 пациент стационарда, 17 621 науқас амбулаториялық деңгейде ем алып жатыр. Аталмыш ауруға шалдыққандар арасында 302 адамның жағдайы ауыр, 47 пациенттің жағдайы өте ауыр, 40 науқас ӨЖЖ аппаратына қосулы.
Осы сандардың артындағы адам тағдырын, оның қиналыс-күйзелісін көз алдыңа елестетіп, ойлап кетсең төбе құйқаң шымырлайды! Тәуір болып шыққандармен сөйлессең, олар сай-сүйегі сырқырап, жанын қоярға жер таппай алас ұрғандарын айтады. Үңірейген көздеріндегі үрей ізі ұзақ кетпейді. Соған қарағанда бетін аулақ қылсын, ауыра қалсаң оған төтеп беру, шыдап бағу да оңай емес. Қысқасы, ауру жұқтырып, қайтыс болып жатқандар да, емделіп шығып жатқандар да бар. Тек, осының бәрін көре, біле тұра одан сақтанбаушылардың да саны азайған жоқ! Мұның салдарын немқұрайлылыққа, салақтыққа, жауапсыздыққа, тағы басқа мінез-құлыққа жаба салуға болар-ды. Бірақ, онымен адам баласын ажалдан арашалап қала алмайсың ғой… «Үйреніскен жау атыспаққа жақсы» демекші, коронавирустың да «олқы» тұстары зерттелген үстіне зерттелуде. Оған қарсы вакциналар да ойлап табылып жатыр. Сол зерттеулердің, күнделікті тәжірибелердің көрсеткеніндей індеттің осал бір жері «қорқақтығы». Оған тағылған көп айдарлардың ішінен бізге ұнағаны да осы атауы. Иә, неден қорқады екен, ол пәле!.. Кәдімгі кір сабыннан. Оның айтылғаны, жария болғанына аз уақыт өтті ме? Жоқ. Басынан-ақ айтылды. Одан әрі көптің ортасына барма, оқшау жүр, бетіңе медициналық маска, қолыңа медициналық қолғап ки. Әлсін-әлі қолыңды антисептикпен жуып тұр. Сонда, әлгі әйгілі вирусың жоламайды, иманы ұшып, тырақайлап қашады! Ендеше, індеті түскірдің сол қорқақтығын неге дұрыс пайдаланбаймыз? Алғашқы даурығу, дақпырттың бәрі кейінде қалды. Қазір қай мекеме, қай дүкен, қай жерге барсаңызда табалдырыққа антибактериялық төсеніш төселген, антисептик дайын тұр, дәріханаларда маскалар арзанға сатылады. Өзіңізді, үй-ішіңізді, туысқандарыңызды ауру-сырқаудан сақтауға, қорқақ індеттің үрейін ұшыруға толық мүмкіндік бар. Ендеше, сол мүмкіндіктерді неге толық пайдаланбаймыз?
Ал, егер, ол індет сабыныңа да, антисептигіңе де, вакцинаңызға да пысқырып қарамайтын болса, қайтер едік? Емі бар, сақтанудың жолы бар екеніне, оны табудың еш қиындығы жоқтығына қуанып, соны ұқыппен қолданайық. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» дегендей, денсаулығымызды індет жұқтырудан сақтайық.
Айтары жоқ, айдай әлемді дүрліктірген, жұртты мыңдап жығып жатқан індеттің қорғанысы қарапайым ғана. Әттең, сол қарапайым қорғанысты орындауға, дәрігерлер қойып отырған талаптарды орындауға келгенде тым еріншекпіз. Соның бәрін тап-тұйнақтай қып орындап, індетке шегінер жер қалдырмай, мүлдем жоқ қылып, бәз-баяғы мерекелі-думанды күнімізге қайтып оралайық. Сол аман-сау күнімізге асығайық. Қорқақтың қорқақтығын пайдаланайық…

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий