Қосалқы ғимарат – қолайлылық

Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектептің жанына қосалқы ғимарат салынып жатқанын бұдан бұрын хабарлағанбыз. Білім күні қарсаңында ол пайдалануға берілді. Заман талабымен тұрғызылған қосалқы ғимараттың жабдықталуы ұстаздардың да, оқушылардың да көңілінен шықты. Бастауыш сыныптарға арналған бөлмелерінде қажеттінің бәрі бар. Ауладағы футбол, баскетбол алаңдары және жүгіру жолы көз қуантады. Білім күнімен ұстаздар қауымын және оқушыларды құттықтай келген облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен қала әкімі Ермек Маржықпаев мектептің ішін аралап көріп, спорт алаңында жүрген балалармен сөйлесті.

Жергілікті қаламгер Сәкен Жүнісовтің есіміне ие болған №18 мектептің іргесі 1987 жылы қаланған еді. 487 оқушыға лайықталған. Жаңа оқу жылында 1505 бала білім алатын болады. 71 комплектілі-сыныптар бар. 9-ы коррекциялық санатта. Онда 64 оқушы білім алады. Бұған дейін мектеп ғимараты оқушыларға тарлық етіп келген. Жергілікті әкімшіліктің үнемі назарында болып келген білім ошағында өткен жылдан бастап қосалқы ғимараттың құрылысы қолға алынды. 420 орынға лайықталған қосалқы ғимарат бастауыш сынып оқушыларына арналған. Мұнда екі мультимедиялық, өзін-өзі тану, ағылшын тілі, оқу кабинеттері, қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған спортзалы, тартан жабындысы бар футбол, баскетбол алаңдары,балдырғандарға арналған ойын алаңы жасалды. Мектептің негізгі ғимаратына 79 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. «Дара» қорының қолдауымен ерекше талапты қажет ететін оқушыларға арналған инклюзивті білім беретін ресурс орталығы ашылды. Осының бәрі оқушылардың сапалы білім алуына сөзсіз ықпал етеді дейді ұстаздар.

Білім күнінде облыс және қала басшылары жаңарған мектеп ғимаратын аралап көрді. Әр кабинеттің жарақтануына мән берді. Спорт алаңдарына барып, доп қуып жүрген балаларды әңгімеге тартты. Оларға жетістікке жету үшін көп тер төгу қажет екендігі айтылды. Жүгіру жолының жабындысы өте ыңғайлы. Қыстың күні, жауын-шашында аяқтың тайып кетуін болдырмайды. Спорт алаңының жанында оқушылардың сыртқы киімін шешіп қоятын шатырлы  беседкалар да тұр. Ал, жаңа әткеншектер, құм алаңшалары, шағын турниктер бастауыш сынып оқушыларына арналған. Білім ошағының маңы абаттандырылып, гүлмен көмкерілген.

Облыс және қала басшылары атқарылған іске көңілдері толатынын жеткізді. Ұстаздар мен оқушыларға жаңа оқу жылында табыстар тіледі.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий