«Қос кітабым – ел тойына тартуым!»

Өткен бейсенбі күні «Достар» мәдениет сарайының кітапханасында ақын-жазушы, «Көкшетау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиевтің «Көзімдей көр…» атты жыр жинағының, «Көкшетау кестелері» эсселер, пікірлер жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті. Тартымды кешті «Көкше-Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Ақпарат саласының үздігі Жалғасбек Сүлейменов жүргізді. «Бұл екі кітабым ел Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына тартуым, қуанышым, тебіренісім», – деді жиылған оқырманға алғыс-рахметін айтқан ақын-жазушы Серік Сапарұлы.

Әдеби шараға Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, «Қазақ тілі және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Төлеген Қажыбай, ақын-жазушы, өнерпаздар Қайырбай Төреғожа, Ерболат Баятұлы, Құмарбек Қалқатай, Иран Тасқара, Шәмшия Айтжанова, Қаратай Бәйкенұлы, Алмас Темірбай, Мерген Тоқсанбай, Сәбит Жәмбек, Бақыт Смағұл қатысып, сөз сөйледі. Әнші Мереке Бекмағамбетов С.Жетпісқалиевтің сөзіне жазылған «Айнакөл жағасында» (әні Қалибек Дерпсалдиндікі), «Атырау» (әні Тыныштық Шәменовтікі), сахна саңлағы Ғазиза Жұмекенова жазушы С.Жетпісқалиевтің жаңа эсселер жинағының атауына айналған ақын  Еркеш Ибраһимнің «Көкшетау кестелері» өлеңінің жазылу тарихын баян етіп, қызылордалық сазгер Бақытжан Сәуекеновтың осы әнін орындады.

Шуағына шомылып бейбіт күннің,
Шоғырына қосылып жүйріктердің.
Шабытты жыр бастайын шамырқанған,
Шаттық әнін шалқытып үй біткеннің!

Шамаң жетсе еліңнің бол қорғаны,
Аз ба ақынның бұл жайлы толғанғаны.
Жыр тулады – Қазақтың туын тігіп,
Жиырма бес жыл тәуелсіз ел болғалы!

Ата-баба бұл күнге жетем деген,
Не салмағын тағдырдың көтермеген?
Сан ғасырдан соң келер бүгін үшін,
Парызындай алысты өтелмеген.

Жайлау іздеп көздері қанталаған,
Жаудың бетін қайтарды анталаған.
Бұ қазақты сақтады арлы аналар,
Ұлын жауға тастамай арқалаған.

Қандай қырғын көрмеді ұлан дала,
Ой алысқа ұзайды шығандана.
Қайсарлығын ерлердің жеткізеді,
Шерлі күйлер, шежіре, жыр-ән дана…

«Елім-айдан» естимін нала-мұңды,
Тас тілгендей болады табанымды.
Қарындасты іздеймін қапа көңіл,
Көз жасына маламын қаламымды.

«Жаубасарлап», «Ақ жолдап», «Абылайлап».
Ұран шықса қазақтың қамын ойлап.
Қанжығалы, Шақшақтар өткен жаққа,
Кетіп барам астымда атым ойнап!

Жетелейді алысқа «Шаңды жорық»,
Елестейді ақ таңым Ақ Ту болып.
Ақ Бураның қатесіз көрсеткені,
Қалың қолдың келеміз алдын орып.

Санамызда өткен жол жаңғырады,
Қастерлейміз үкілеп мол мұраны.
Біз аспаған асу мен бел қалмайды,
Қазақ талай әлемді таң қылады!

Хас өнерде ерлігі кестеленген,
Кесек қылық сұрыптап, екшеленген.
Біз ұрпақпыз, арманға жеткен өшпей,
От пен судан аман қап өскен елден.

Қанымызда сардардың батырлығы,
Миымызда көсемнің ақыл-мұңы.
Жадымызда Отанның асылдығы,
Тілімізде шешеннің ақындығы!

Үңілсем шежіреме толған мәніс,
Жетіпті күрмеуіне қолға алған іс.
Бір сөзге тоқтай қапты Ұлы Дала,
Ұшқыр ой, өткір тілге болған ба алыс?!

Баһадүрдің атайын қайсыбірін,
Түнқатумен өткізген жайшылығын.
Сүйем жерді сақтаған әр бабамыз,
Мұң қылмаған жоқшылық, таршылығын!

Әдіре қап қом сулар, аққу, көлі,
Терлігі еріп, шыдамай аттың белі.
Жара аузына қан қатып, атойлады,
– Алдымыздан туады ақ күн! – деді!

Көк аспанын бүркесе құзғын-қарға,
Шыбын жанын сақтаған ұл-қыз бар ма?
«Бір жетерміз, – деді олар, – бейбіт күнге»,
Ешкім көрмей ерлігін көз жұмғанда!

Дала, жерін баспады кім көрінген,
Ерлікті айтар қазаққа тіл берілген.
Домбырамен найзасын қатар ұстап,
Ерлігімен өлеңі бірге өрілген!

Шығар ма шөп тақырға жоқтан көктеп,
Тектілік өн бойымда сақталмақ көп.
Мен қалай жалындамай тұра аламын,
От алсам Қазтуғандар, Доспамбеттен!

Өнемін баба салған өнегеден,
Көктен нұр қуат құйып себелеген!
Құлақта жаңғырады сарбаздардың,
Ұраны Абылайлап, Кенелеген!

Өткендей көңіл-көкті жасын тіліп,
Қалады кірпігіме жас іркіліп.
Тәуелсіздік! Сен үшін өтпеді ме,
Әлихан, Ахметтер басын тігіп!

Өтермін әл жеткенше жырлап бәрін,
Ақтарып азалы күн күллі ақпарын.
Қопарып үш әріптің тыққандарын,
Ашармын қияндағы ГУЛАГ-тарын!

Айтылар үкімдердің жалғандары,
Айтылар асыл мұрат, армандары.
Жанай өтсең жаныңды қариды ызғар,
Естіліп асыл жардың зарлы әндері!

Бетінен қазақты ешкім қайтармады,
Содан да бүгін елдің жайқалғаны.
Жалғасы – Ләззаттар тайсалмаса,
Қайраттың кесіп сөзді айта алғаны!

Беу, қазақ, жалындаңдар, жалындаңдар,
Күйкі тірлік, дүниеге таңылмаңдар.
Қанышым, Мұхтарым бар мақтан етер,
Ерлігім – Қасым, Мәншүк, Бауыржандар!

Көк тілсе Тоқтар, Талғат, Айдындарым,
Ұмытам уайымым, қайғым барын.
Қазақтың үзілген жоқ қасиеті,
Демеймін айттым түгел, жайдым бәрін!

Төбемізде куә Күн, Ай тағалы,
Халық әні ұланның айтар әні.
Абылайдың ерлігін бейбіт күнде,
Бекзат жігіт, әнекей, қайталады!

Жоғалтпан ата жолды, қалыбымды,
Ұмытпан ана тілім – жарығымды.
…Батырлардың сарқыты сол емес пе,
Әне, Бейбіт тағы да алып ұрды!
Қазағым сол заманғы қазақ әлі,
Ортаймаған, ырысы, қазаны әлі.
Бір тойынан бір тойға жете берер,
Орақ тілді ақындар жазар әлі!
***
Бетін бері қаратып ел біткеннің,
Дос болуға алғаусыз үйреткенмін.
Ең үрейлі қаруды тастай салып,
Тек еңбекпен жұртымды күйлі еткенмін!

Сескенбей қамданғаннан қару жинап,
Жасқанбай жұлқынғаннан жанын қинап.
Түстім мен бейбіт жолға бірінші боп,
Адамзат алдыңғы арымды ойлап!

Бел будым тәуекелге алғашқы боп,
Біртіндеп ақ ниетке жалғасты көп.
Бұл қадам басқаларға бұйырмаған,
Қорыққандар от қаруға жармасты кеп!

Ұстанып Ұлы Дала салт-санасын,
Тоқтатып жұмыр жердің жанталасын.
Атқарды мұның бәрін Ер Нұрсұлтан,
Ел сенімін ер қалай ақтамасын?!

Ұлы Дала тербеткен бесігі боп,
Тұранның ен дәстүрі кесімі боп.
Атқарды мұның бәрін Ер Нұрсұлтан,
Ақылы іздегеннің кеніші боп!

Халқының оза шапқан кемеңгері,
Жолықты патшалармен ел-елдегі.
Таныды Қазақ елін бүкіл әлем,
Апырай, айтсам баба сенер ме еді?!

Діндерді бір арнада тоғыстырды,
Қылыш қынға салынып, соғыс тынды.
Дұшпан болған көршілер татуласып,
Дамытып қатынасты оң іс қылды.

Ұқтырды ниет түзу, пейіл ақты,
Қараулық болмай жолы кейін ақты.
– Соғысқанның табатын пайдасы жоқ,
Озады өмірі тыныш, елі бапты!

Ұзамай шындықты айтқан бастамадан,
Серпіліп күдікті ойдан тас қамаған.
Бейбіт даму бағытын қолдады әлем,
Табылды жүздеген ел Астанадан!

Ұлы үміт, алыстағы бір сағым ең,
Түледі ел Тәуелсіздік нұр таңымен!
Басты алға тәуелсіз ел Қазақстан,
Құлпырып бабалардың ұрпағымен!

Қаламым қалай бүгін алмақ тыныс,
Бабалар батасымен салмақтымыз.
Сан сынақ неше ғасыр мұқалтпаған,
Қазағым жүзі қайтпас алмас қылыш!

Тәуелсіздік – қастерлім, қасиеттім,
Жыр маржанын төгіп бір тасып өттім.
Әр күн сайын мерейі артатұғын,
Дидарыңды тағы бір ашып өттім!

Тәуелсіздік – ең биік шыңым менің,
Сенде кешкен ғаламат, ғұмыр керім!
Бабалардың арманы мына жұмақ,
Мына дала менікі! Жерім менің!

Тәубе деймін бүгінде әр күніме,
Тәуелсіздік – тек сені ән қылып ем.
Бастан бағың таймасын, Ұлы Далам,
Құтты болсын Ұлы Той Мәңгілік Ел!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс