Қос көпір қатар салынуда

Көкшетау Қазақстан мен Ресейдің 18-ші аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық үстінде. Ауқымды құрылыс жұмыстары кеш түсіп, көз байланғанда да тоқтамайды.
Алып техника, алымды жұмысшылар қауырт қимылдап, іске жалындай кіріскен. Өйткені, уақыт тығыз. Сапа да, сән де керек. Осы асығыстық кезінде де жұмысшылардың туған қаланың көркіне көрік қосылар сәтіне, салтанаты артар шағына деген қуаныштарын да аңғару қиын емес. Жиырмадан астам нысан, инженерлік желілер, жол салуда құлшына кіріскен жігіттердің жүздері жарқын, көңілдері көтеріңкі.
DSC_6326Қала тұрғындарының демдерін іштеріне тартып, қуана күтіп жүрген құрылыстарының бірі – Н.Назарбаев даңғылы бойымен және өзеннің Қопа көліне барып құяр сағасынан, Қылшақты өзені үстінен салынып жатқан қос көпір! Шындығында бұл сирек көрінетін, сирек болатын құбылыс деуге тұрарлық! 196 жылдық тарихы бар шағын шаһар бұған дейін қос көпірді қатар салып көрмеген. Қатарынан қос көпір салынып жатқанының ешкім куәсі болмаған! Арасы екі жүз қадамдай жерден қызық бір құрылыс жүріп жатыр. Әрине, инженерлердің есебі түзу. Өз жоспарларын кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Ал, сырт қараған кісіге таңсық. Шағын өзен топырақпен бітеліп, тапталып, барлық су үш-төрт тұрба бойымен ғана ағып жатады. Біресе, өзен арнасы бір бүйірлеп, бұрылып ағып жатқанын көресің. Біресе, өзеннің көлге құяр сағасы кеңіп, ақтарыла тартқанын байқайсың. Ауыр техникалар, ұзын мойын крандар мен экскаваторлар құдды бір кеме сияқты, өзен үстінде жүргендей көрінеді кейде. Шынжыр табандары биік жарқабақтың жиегін жаныша басып жылжып бара жатқаны. «Қалай ғана құлап кетпей тұр?» деп таң қаласың. Сөйтсең, оның келесі бір ауыр техникаға тіркеліп «арқандалып» тұрғанын аңғарасың. Қауіпті-ақ. Бірақ, өз ісінің шеберлері қиын да күрделі жұмыстарды тек күн емес, түнде де қарқынды жүргізуде. От ұшқындарын жарқылдатқан темір пісіруші, бетон құюшы жігіттер іске алаңсыз кіріскен. Ештеңеден тайсалып, жасқанатын емес. Жұмыс осы қарқынмен толассыз жүретін болса, діттеген уақытта көрікті-келбетті тамаша екі көпір бірден ашылып есте қаларлық оқиғаның да куәсі болармыз. Кейінгіге осынау оқиғаны жыр қып айтармыз, әлі! Қазірдің өзінде көпірлер құрылысын қала тұрғындары ұзақ тұрып қадағалап, тамашалайды. Үлкендер балаларына мұқияттап әлденені түсіндіріп жатады. Қос көпірдің құрылысы басынан облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайыловты ертелі-кеш жолықтырасың. Басқа нысандар сияқты бұл нысандар да басшылардың қатаң бақылауында. Ел тілегі, әрине, барлық жұмыстардың уақытылы аяқталып, Көкшетаудың көркейе түсуі!
Тағы бір ерек оқиға – көпір салу үшін оның маңайы кеңейтіліп жатыр. Өйткені, көпір ені бұрынғыдан әлдеқайда енді, үлкен. Сөйткенде, бойы көк тіреп, жайқалып өскен ағаштарды алып тастау керек болып жатыр. Өсіп тұрған ағашты қиратып, жұлып тастау, әрине, жөнсіз. Онсызда жыл сайын егілетін ағаштың талай пайызы өспей, қурап қалып жатқан жоқ па? Міне, құрылысшылар оны да ойлап, жолын тауыпты. Ағаштар түп-тамырымен мұқият қазылып алынып, жақын жердегі Ауған соғысында қаза тапқандар үшін ашылған скверге апарылып отырғызылыпты. Алыс-тан темір қазықтар мықтап қазылып, әлгі жаңа отырғызылған биік ағаштар жан-жақтарынан арқанмен тартылып, соған бекітіліп, түзетіліп қойылып, су құйылыпты. Енді, үздіксіз күтім болып, олар тамыр тартып, өсіп кетсе деп тілейік.

Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий