Қоғамдық сананы жаңғыртудың алғышарттары

Қала әкімі Амангелді Смайылов өңірлік коммуникациялар орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Басты тақырып – Көкшетау қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуы, алдағы жоспарлар мен қолға алынған жобалар. Бағдарлама аясында облыс орталығында 186 жоба жүзеге асып, 2000 шара ұйымдастырылған. Алдағы уақытта «Туған жер», «Жомарт жүрек», «Ұлы дала ұрпақтары», «Жас проект», «Ұлы даланың жеті қыры» жобалары әрі қарай жалғасын табатын болады.
DSC_8837«Қазіргі таңда ұлт саясатының негізгі басымдығы ұлттың рухани жаңғыруы болып табылады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала Елбасы белгілеген еліміздің эволюциялық дамуын қамтамасыз етуде қоғамдық сананы жаңғырту мәні біріктірілген жалпыұлттық құндылықтарды тереңдетуге мән бере отырып, рухани сананың өзгеруін қажет етеді»,– деп сөзін бастаған шаһар басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы үш жылдың жүзі болғанын және осы уақыт аралығында көп шаруа тындырылғанын, соның ішінде Көкшетауда да белсенді жүзеге асқанын атап өтті. Әсіресе, халықты елең еткізген ауқымды шаралар: қала көркемөнерпаздарының «Көкшетау жұлдыздары» шығармашылық байқауы, «Құрақ көрпеfest» байқауы мен «Құлагер» атшабарында өткен ұлттық және халықтық спорт түрлерінің спартакиадасы. Бұл шаралар «Бизнес балалармен бірге, бизнес балалар үшін» деген тақырыппен жүзеге асты.
Елбасының бастамасымен қолға алынған бағдарламаның бірнеше бағыты бар. Ол тек шараларды ұйымдастырып қоюмен шектелмейді, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуды көздейді. Туған жеріне құрмет, туған тарихына тағзым, туған тіліне деген махаббат, ата-бабадан мұра болып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрді көздің қарашығындай сақтау, қасиетті де киелі орындарды кейінгі ұрпаққа бұзылмаған қалпында жеткізу. Бұл жұмыстар осы үш жыл ішінде жүзеге асып қана қоймай, көптеген игі бастамаларға ұйытқы болды. Алдағы уақытта ол шаруа-лар жалғасын табады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 100 меценат, 114 мемлекеттік емес ұйымдар, 10 000 волонтер туған өлкесін гүлдендіру жұмыстарына үн қосты. Олардың бірі өзі туып-өскен аймағын дамытуға қаржы салса, енді бірі көпбалалы, тұрмысы төмен отбастарына жәрдемдесті, ал енді бірі ауыр халге түсіп, жағдайы қиындаған отандастарына қол ұшын созды. Мысалы, «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде жыл басынан бері қаланың меценаттары тарапынан екі спорт алаңы және шағын футбол корты салынды. Бұл мақсатқа олар 140 миллион теңге аударды. Сондай-ақ, «Жомарт жүрек» арнайы жобасы аясында меценаттар Арыс қаласының тұрғындарына, көпбалалы отбастарына, жалғызбасты қарияларға жәрдемдесті. Бұл мақсатқа 60 миллион теңге бөлінді. Меценаттар көкшетаулық тұрмысы төмен отбастарының балаларына киім-кешек алып, баспанасын жөндеуге көмектесіп, отын-көмірін жеткізіп берді. Кей отбастарына олар тұрақты жәрдемдесіп тұрады.
Жаңғыру шеңберінде өңірдегі киелі жерлерді қорғауға көп көңіл бөлінуде. Соған орай жастарды қатыстыру арқылы көне қорымдарға саяхат ұйымдастырылып, Кеңөткел мен «Ботайға» арнайы сапарлар жасалып, студенттерді жергілікті музейлердің қорымен таныстыру жұмыстары жүйеленіп қалды. Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Көкшетаудың белсенді, спорттық жарыстардың жеңімпаздары саналатын 30 оқушысы Түркістан қаласына барып келді. Оқушылар орта ғасырдың сәулет өнерінің үлгілерін көзімен көріп, үлкен әсермен оралды. Қазақтың тарихына терең бойлап, көптеген сырларына қанықты. Көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларына барып, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне тәу етті. Тарихи-өлкетану тобының ұйымдастырумен «Туған жер – тұғырың» атты слет өтіп, оқушыларға Көкшетау қаласы мен Ақмола облысының табиғи нысандары мен сәулет ескерткіштері таныстырылды. Мектеп жасындағы балалар «Бір апта ауылда» жобасына қатысты. Олар Жақсы ауданындағы Қима ауылына барып, республикалық «Алтай өңірінің інжуі» жас өлкетанушылар слетіне қатысты.
Көкшетау қаласындағы Эко-саябақ аумағында «Ұлы дала ұрпақтары» атты күндізгі этнографиялық лагері ұйымдастырылды. Осы уақыт аралығында оқушылар қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне терең бойлап, Қазақ хандығының орта ғасырдағы өмірін өз басынан тәжірибе жүзінде өткізіп көрді. Сол арқылы туған халқының өткенін зердесіне тоқып, ұлы даланың ұрпақтарының қаншалықты биік рухты, батыр болғанына көзі жетті. Өздері де рухтанып, рухани байи түсті. Сонымен қатар Балаларды қорғау күніне орай балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруі дәстүрлі түрде биыл да өткізілді. Мұның бәрі болашақ ұрпақтың өзінің мәдениетін сүйіп, өнерін бағалау үшін аса қажет.
Елбасының бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде студент жастардың жағдайын жақсартуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Соған орай Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде 500 орындық 9 қабатты жатақхана салынып жатыр. Жастарға арналған «Жас проджект» жобасы шеңберінде 21 бизнес идея мақұлданып, өз ісін ашқысы келетіндерге 1 млн теңгенің гранты бөлінді. Мұның бәрі жастардың өз кәсібін нәсіп етуіне ашылған жол.
«Бәсекелестік» бағытына орай биыл орталық қалалық кітапханада Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына орай зал ашылды. Мұнда қызықты да талантты жандармен кездесу өтіп тұрады. Өз ісінің білгірлері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасы шеңберінде осы жобаның жеңімпаздарымен кездесулер ұйымдастырылды. Бұл да табысты жандардан үлгі алып, болашағыңды айқындауға септігін тигізеді.
Мәдениет саласы бойынша «Өнегелі отбасы – рухани жаңғырудың өзегі», «Ақындар айтысы», «Қазақшаңыз қалай?», «Үш бақытым», «Ашық аспан астындағы кітапхана» шығармашылық жобалары қолға алынып, «Домбыра күні» ауқымды шарасы ұйымдастырылды. «Рухани қазына» жобасы шеңберінде халықтан жоғары бағасын алған 200-ден астам шаралар өтті. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақала аясында көкшетаулық мүсінші Манарбек Бұрмағановтың қолынан шыққан 11 метрлік «Домбыра» монументі көпшіліктің көзайымына айналды. Қазір сол композицияның жанында түрлі ұлттық нақыштағы байқаулар ұйымдастырылып жүр. Көкшетаулықтардың және қала қонақтарының есінде ұзаққа дейін сақталатын шара қаланың 195 жылдық мерейтойына арналған «Құрақ көрпе fest» шарасы болды. Ауқымды шараға 1000-нан астам адам қатысты. Еліміздегі ең ұзын құрақ көрпені құрастырған көкшетаулық шеберлер 11 шақырымдық ұзындықты бағындырып, Гиннестер кітабына «Ең ұзын құрақ көрпе» және «Құрақ көрпеден жасалған ең үлкен дөңгелек» атауын жеңіп алды.
Елбасының бастамасына сәйкес латын графикасына көшу жұмыстары Көкшетауда да кең көлемде жүргізілуде. Оның маңыздылығы туралы ақпараттандыру жұмыстарына 20 000-нан астам халық қатысып, 575 шара өтті. Қала көшелеріндегі аншлагтар, көрнекі ақпарат, маңдайшалардағы жазулар кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшуде. Осындай атқарылған игі шараларды атап өткен қала әкімі Амангелді Смайылов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады деді. Журналистердің қойған сауалдарына жауап берген шаһар басшысы алдағы уақытта атқарылатын шаруалардың жос-парымен бөлісті.

Г.БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий