Қоғамдық қабылдауда – жеке кәсіпкерлер

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдауға жазылған азаматтарды қабылдады. Бұл жолы өзінің өтініш-тілегімен жеке кәсіпкерлер келіпті. Ермек Боранбайұлы қабылдауға келген үш кәсіпкердің де мәселесін шешуге болады және ол мемлекеттік бағдарламаларға сай келеді деп тұжырымдады.

Данияр Байтықов Зеренді бағытындағы иесіз қалған саяжай учаскелерін рәсімдеп, жылыжай салуды мақсат тұтады. Соған орай бау-бақша кооперативінің төрағасымен келісім жасапты. Үш учаскені көздеп те қойыпты. Енді әкімшілік тарапынан рұқсат берілсе, жұмысын бастамақ. Ермек Боранбайұлы қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысына бұл мәселені шешуді тапсырды. Өйткені, қала аумағында иесіз жатқан саяжай учаскелері көп. Оларды қалыпқа келтіріп, игілігіне жұмсағысы келген азаматтарға қолдау білдіру қажет. «КазЭкоЛайф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Асылан Әбілов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қаладағы алғашқы жоба – автомобиль шиналарын қайта өңдеумен айналысатын цех ашпақ. Өңделген шиналардан балалар және спорт алаңдарына резеңке төсемелер және құрылыс материалдарын шығаруды жос-парлап отыр. Шығыс кәсіпорын аумағында ғимараты, қондырғылары бар, енді тек тұтыну кепілгері ретінде әкімдіктің келісімі қажет. Мемлекеттік-әріптестік ретінде қалалық әкімдік жергілікті кәсіпорындармен шикізат алып тұру үшін меморандумға қол қоюға қол ұшын созса жұмысымыз алға басар еді, дейді кәсіпкер. Екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеуге де қолбайлау болып отырған тұстар баршылық. Қала әкімі аталған жобаның өте тиімді, әрі қажет екенін айтты. Сондықтан жас кәсіпкердің идеясына қолдау білдіріп, шешімін күткен мәселелерін реттеуді тапсырды.
Красный Яр селосында жекеменшік балабақша ашқан Жасұлан Ерденов өз ғимаратына жақын орналасқан мектепке дейінгі мекемені де өзіне қосып алғысы келеді. 150 балаға лайықталған бөбекжайда қазір 90 балдырған бар. Кәсіпкер жекеменшік балабақшасында балалардың дамуына жақсы жағдайлар жасалғанын алға тартты. Егер мемлекеттік мекемені өз қарамағына алса, сол аумақты абаттандырып, ескі ғимаратты жөндеп, ауласына бассейн салуды жоспарлап отыр. Қала басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу қажеттігін, ал село аумағында бос тұрған бұрынғы еңбек және демалыс лагері ғимаратын балаларды сауықтыру орталығына айналдыруға болатынын алға тартты. Жеке кәсіпкер бұл ұсынысқа келісімін берді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс