Қоғамның шынайы айнасы

8 қарашада кәсіби мерекелерін атап өткелі отыр-ған статистика органдары қоғамды, билік органдарын жан-жақты, нақты ақпараттармен қамтамасыз ететін мемлекеттік басқарманың құрылымдық жүйесіне айналды.

Қазақстан аумағында статистикалық қызметтің пайда болуы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы, яғни Ресей империясының құрамына кірген кезеңіне жатады. Мысалы, жалпыға бірдей бірінші халық санағы 1897 жылы 9 ақпанда жүргізілген. Қазақстандағы бірінші ресми мемлекеттік орган – 1868 жылы 22 қаңтарда құрылған Түркістан губерниялық статкомитеті саналса, оған қарасты Сырдария және Жетісу облыстарының статбюролары болды. Десек те, 1920 жылға дейін жоғарыда аталғандардан басқа біртұтас статистикалық орган болған жоқ. Тек сол жылғы 8 қарашадағы Қазақ АССР Үкіметінің қаулысымен мемлекеттік статистика туралы ереже бекітіліп, статистикалық басқарма құрылды. Міне, сол кезеңнен біздің саланың қызметі ресми бастау алған, яғни биыл 96 жыл болып отыр. Осынша уақыт ішінде кәсіби мамандар қолымен қаншама ақпараттар мен көрсеткіштер дайындалып, жұртшылыққа жедел жетіп жатыр. Сондықтан статистика саласы бүгінгі күні қоғамның шынайы келбетін ашық көрсетіп отыр деуге болады.
Мемлекеттік статистика қызметкерлерінің жемісті еңбегі оң шешімдер қабылдауға негіз болып, еліміздің ары қарайғы дамуына дұрыс бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Олардың іс-әрекеттері ұлттық экономикамыздың мықтылығы мен тұрғындардың күнкөріс деңгейін жоғарылатуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда ерекше мәнге ие болмақ. «Қазіргі күні кез келген елде статистика қызметі қажетті сұранысқа ие болып, өзінің беделін арттырып отыр. Аталмыш жүйеде статистика жөніндегі агенттік жетекші рөл атқарады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі нарық заманында қай мекеме болмасын, біздің мәліметімізге жүгінеді. Статистика департаменті халық шаруашылығының барлық саласы бойынша ақпарат жинаумен айналысады. Соның ішінде халықтың өмір сүру деңгейі, ішкі және сыртқы сауда, ауылшаруашылығы мен құрылыс салаларына басымдық берілген. Мұндай деректер еліміз тәуелсіздігін алған сәттен бастап жинала бастаған. Айта кетсем, статистика департаменті мамандары өздерінің қызмет сапасын жыл санап арттырып келеді. Әсіресе, респонденттерден ақпаратты жинап, оны жұртшылыққа таратуда түрлі оңтайлы әдіс-тәсілдерді енгізді. Мәселен, қазіргі таңда ғаламторға қосылып, ақпараттарын көпшілікке қолжетімді етіп отыр. Қазіргі уақытта есептерді онлайн режимінде электрондық түрде тапсыру мүмкіндігі берілген. Мұнда респонденттер есептерді жұмыс орнынан интернет арқылы қағазда қайталамай-ақ тапсыра алады,– дейді Ақмола облыстық статистика департаментінің жетекшісі Ермек Мусина.
Қазіргі уақытта статистика органдарында 200-дей адам еңбек етеді. Оның 170-і мемлекеттік қызметкер. Департаменттің құрылымына 14 салалық басқарма, 17 аудандық және 1 қалалық статистика басқармасы енеді. Осы салада он жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан 82 маман бар. 13 адам Қазақстан Республикасы статистикасының үздігі. Қызметкерлердің 83 пайызын әйелдер құрайды. Статистика ардагерлері Ж.Букин, В.Утянский, А.Қасымова, Г.Сейдахметова, Л.Лазорская, А.Әбутәліпов, Л.Шульгина, К.Сейтембетова, Р.Болатова, В. Шевчук, М. Үмбеталиева және басқалары өңір дамуына зор үлестерін қосты. Бүгінде статистика департаментінде ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан Е.Көкенова, Н.Шевченко, И.Шалашун, 3.Жакеева, Ф.Исланова, Г.Мягкова, А.Ибышева, А.Искакова, Л.Локштейн, Р.Ордабаева, Г.Пустовойтенко, Ш.Бекболатов, Ж.Жанабеков, Л.Кортункова есімдерін де айрықша атап өткен жөн. Осы мамандардың көмегімен ай сайын халықтың көші-қоны туралы есептер программалық комплекстері енгізілуде. Бір сөзбен айтқанда, облыс көлеміндегі статистикалық жағдай статистика қызметкерлерінің алақанында. Тіпті, дүниеге келген нәрестелер туралы мәліметте баланың салмағы, бой өлшемі, туған мерзімі, ата-анасы туралы толық мағлұматтар келіп түседі.
Статистикалық ақпараттарға деген қызығушылықты қанағаттандыру мақсатында тарату нысандарын үнемі жетілдіре отырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы объективті және сапалы ақпаратты мерзімінде ұсынуға ұмтылады. Қазіргі таңда заманауи техника мүмкіндіктерін жетік пайдалана отырып, тұтынушылармен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Атқарылған жұмыстарды насихаттауда департаменттің веб-сайты маңызды рөл атқаруда. Ол статистикалық деректерді таратудың негізгі арнасы ғана емес, сондай-ақ, келушілерге облыстың статистикасын ұсынып, интернет жүйесіне қызығушылық танытушы барлық пайдаланушыларды көкейкесті ақпаратпен қамтамасыз етеді. Экономика мен мемлекетті басқарудың барлық деңгейінде дұрыс стратегиялық шешімдер құру статистикалық ақпараттың сенімділігі мен нақтылығына тікелей байланысты. Статистика қызметіндегі білікті мамандар осы үдеден шығып отыр. Мамандардың жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында мемлекеттік статистика одан әрі жетілдіріле түседі деген сенімдеміз.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс