Қоғам мүлкіне салғырт қарамайық!

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев Красный Яр селосында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, жөндеу жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.

Алдымен қала басшысы Новоселов көшесі, 23 мекенжайында балалар ойын алаңын салу жоспарымен танысты. Село әкімі Нұрлан Айсинмен әңгіме барысында қала басшысы тендерді өткізу мерзімін нақтылау керектігін ескертті. Өйткені, жөндеу-құрылыс жұмыстары кешеуілдеуі мүмкін. Сондай-ақ, мердігерлердің жұмысты барынша сапалы орындау қажеттігін ескертті. Сала басшыларына селода тағы екі спорт алаңын салу мәселесін нақтылауды тапсырды. Оның бірін №1 орта мектепте, екіншісін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңғыртылған көпқабатты тұрғын үйлер ауданында салу жоспарланған.

Қала басшысы ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқан №2 орта мектепті аралап көрді. Қазір мұнда жұмыстың 30 пайызы орындалған, жылу батареялары толық жаңартылуда. Мектеп директоры Светлана Абдреупованың айтуынша, білім ордасының жылу коммуникацияларына ондаған жылдар бойы жөндеу жүргізілмеген. Барлық жұмыстар шілденің ортасына дейін аяқталады. Жөндеу жұмыстарына жеті адамнан құралған арнайы бригада жұмылдырылған. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, қала әкімі жұмыс қарқыны мен сапасын еселеп арттыруды тапсырды.  №1 орта мектепте болған қала басшысы білім ордасының ішкі тыныс-тіршілігімен танысып, алдағы ҰБТ-ға назар аударды.

Селодағы Целинный көшесіне ағымдағы жөндеу жүргізілмек. Қала басшысы жол жағдайымен танысып, жобаны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен келісуді ұсынды. Тәуелсіздік көшесінің бойындағы әкімшілік ғимараттағы жөндеу жұмыстары тамыз айына дейін аяқталмақ. Аталған нысанда селолық әкімдік, жергілікті полиция бөлімшесі, халыққа қызмет көрсету орталығы орналасатын болады.

Қала әкімі жұмыс сапарының соңында Нұрлы көш поселкесіне ат басын бұрды. Селоны көгалдандыру, оны сақтап ұстау, архитектуралық келбетін көріктендіру, әрине, бірінші кезекте тұруы керек. Әйтсе де абаттандыру мәселесінде  бізде тазалық мәдениеті әлі қалыптаспағандығын, үйілген қоқыстың уақытында шығарылмайтынын, жасалған дүниелерді бүлдіріп-сындыру оқиғаларының тыйылмай отырғандығын жасырмады қала басшысы. Былтыр мұнда балалар ойын алаңы орнатылғаны белгілі. Өкінішке орай, балалар аттракционының басым бөлігі қираған, бүлінген күйде. Әкім жиналған көпшілікті қоғам мүлкіне ұқыпты қарауды тапсырды. Ал, тәртіп сақшыларына шамдарды қиратқандар, ағаштарды сындырғандар мен өз үйінің
айналасын таза ұстамайтындарға айыппұл салу арқылы тұрғындарды да тәртіпке үйрету қолға алынуы тиіс екендігін айтты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий