Қоқыстан қашан арыламыз?

Әрине, орынсыз жердегі қоқыстан сол қоқысты қалдырмағанда, дем алған жерімізді жинап кеткенде ғана арыламыз. Өкінішке орай, әзір олай болмай тұр. Гүл көмкерген қаламыздың іргесін көл шайып, жағажай ашылғаны үлкен қуаныш. Көл тазарып, шілденің қапырық күнінде жағаға келіп дем алушылар саны көбейді. 

Алайда, бірқатар тұрғындар көл жағасына соңғы рет барғандай, немесе, өзінен кейін басқа біреу ол жерге бармайтындай ішкен-жеген тамақ қалдықтарын, босаған бөтелке, тағы басқа нәрселер қалдырып, шашып кетуде. Қоқыс салатын жәшіктер анадай жерде тұр. «Мына қалдықтарды қайда апарсам екен?» деп қараған кісі көрмей қоймайды. Жағалай тұр. Бұл – бір. Екіншіден, ол жәшіктер болмаған күннің өзінде қалған оны-мұнысын жиып-теріп алып кетіп, үйлері жанындағы жәшіктерге салса да болар еді ғой.
Мысалы, Қопаның М.Горький көшесі бетіндегі жағалауда арнайы бекітілген жағажайға таяу жайқалып өскен бір бәйтерек тұр. Рас, көлеңкесін саялап отыруға да қолайлы, қалқалап киініп-шешінуге де ыңғайлы шығар. Ылғи отбасымен, немесе, жолдас-жорасымен бір топ болып келгендер мәз-мейрам отырады. Иә, жағадағы ағаш оған жарап тұр. Әттең, өзінен кейін ешкім қоқысын жинап кетпейді ғой! Қайран ағаштың түбі бықып жатыр! Пайдасын көреді де, түбіне қоқысын төгіп кетеді. Көл жағалап жүре берсең, қоқыстың неше түрін көре бересің. Осы жөн бе?
Көлге барса «құр» бармауды әдетке айналдырғандар да жеткілікті. Кешкісін көлден шалбарының бір балағын киіп, екінші балағын сүйретіп, көздері кілгіріп келе жататындар жиі ұшырасады. Ішкен кісіден ұят та, абырой да кетеді емес пе? Балаларын ертіп сейілдеп шыққандар сондайлардың балағат сөздерін де естуге мәжбүр. Қысқасы, табиғаттың берген сыйы, әкімшілік оны аялап, қолайлылық туғызып отыр, енді осы жағдайдың қадірін білгеніміз жөн. Көлге шомылып, күнге қыздырынып, рахаттанып дем алғаннан кейін рахметіміз ретінде өз орнымызды жинастырып кеткеніміз жөн емес пе? Көпшілік орында өзімізді дұрыс, мәдениетті ұстауымыз да қажет.

Асхат ШӘРІПБАЕВ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий