Қоқысты көшеге төгуді қашан қоямыз?

Красный Яр селолық округінде жаныма тастай батып жүрген жағдайды жазуға себеп болған, «Акмолинская правда» газетінде Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Владимир Шиманскийдің «Синдром разбитых окон» деген мақаласы еді.

Біздің күнделікті жұмысымыз көшедегі қоқысты тазалаудан басталады. Селода бар-жоғы 98 қоқыс алаңы бар. Қоқыс жиналатын алаңдарды бүгін жинап өтсек, бір-екі күннен кейін ыдыстар толып қалады. Бекітілген абаттандыру ережелері бойынша қоқыс ыдыстарына тек қана тұрмыстық қоқыс қалдықтары  салынуы керек. Жас-тармен бірге, аға ұрпақ өкілдерінің де ағаш бұтақтарын, ескі-құсқы жиһаз, күл және малдың қиын арбамен төгіп жатқанын көріп жүрміз. Осындай заң бұзушылықтар жөнінде халықпен кездесулер болған кезде әдейі ескерту жасап, алдын ала болдырмау шараларын жүргізсек те, осы күнге дейін оң нәтиже болмай тұр.

Қоқыс тазалау қызметін жүргізетін мердігер ұйым «Modern Citi» ЖШС-не тұрғындардың қарызы 8,4 млн тенгеден асып кетті. Осы мердігер ұйым сот органдарына талап арыздарын беріп, қарыздарын қайтарып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.  Бір мысал: ағымдағы жылдың 6 маусымында кешкі сағат 20.00 кезінде, көше-көшені аралап келе жатсам, Новоселов көшесінде орналасқан 16 үйдің жанындағы қоқыс алаңың бір күн бұрын тап-таза қылып жинағанмен, ертеңіне біреу 5-6 арба малдың қиын төгіп кетіпті. Жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен үй-үйді араладық. Әйтеуір Мир көшесінде тұратын бір ағайынымыз малдың қиын төккенін мойындады. Қарызы бар тұрғындардың тізімін қарасақ, берешегі 17 мың теңгеден (екі жылдық қарыз) асып кетіпті. Заң бұзушылық жасаған жерлесімізге қатаң ескерту жасап, малдың қиын қайтадан үйіне апарғыздық.

Айта кету керек, күнделікті жүргізіп жатқан абаттандыру жұмыстарына, сенбіліктерде техника мен қызметкерлер бөліп, селоның көркеюіне қомақты үлестерін қосып отырған «Көкшетау Жылу» ШЖҚ МКК басшылары – С.Жуков, В.Ступин, «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК басшысы З.Әлібеков, «Көкшетау жол пайдалану учаскесі» ЖШС басшысы С.Сейітов сияқты әріптестеріме алғысымды білдіремін. Өткен жұмадан бастап, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық- бұзушылық Кодексінің 505 бабы бойынша ауылдық округтің 4 қызметкері абаттандыру ережелерін бұзған жерлестерімізге қатаң ескертулер жасап, хаттамалар толтырып жатыр. Егер жоғарыдағы заң бұзушылықтар қайталанса, 48 мың теңгедей айыппұл төленетін болады.

Еліміздің қай саласын алсақ та, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Айтайын дегенім, құрметті ағайын, санамызға ерекше бір сілкініс жасап, табиғатымызға, айналамызға жанашырлықпен қарайық!

Нұрлан АЙСИН, Красный Яр селолық округінің әкімі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий