ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен әрбір ипотекалық қарыз алушының өтінішін жеке тәртіпте қарауға дайын

Агенттіктің қызметкерлері Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) шеңберінде ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қолдау көрсету шараларын іске асыру мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Агенттік өкілдері Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдан бері ҚР Президентінің тапсырмасымен іске асырылып келе жатқанын және ипотекалық қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтауға, борыш жүктемесін төмендетуге және олар үшін валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталғанын хабардар етті. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктер және ипотекалық ұйымдар 256,7 млрд теңге сомаға 37 191  ипотекалық қарызды қайта қаржыландыруды мақұлдаған. Бағдарлама бірнеше блоктан тұрады. Бағдарламаның бірінші блогы 2004 – 2009 жылдардағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталған. Көрсетілген қарыздарды қайта қаржыландыруға Қазақстан Ұлттық Банкі 130 млрд теңге бөлді. Бүгінгі күні бөлінген ақшаны банктер игерді және қайта қаржыландыру бұған дейін қайта қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен жүзеге асырылады. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 174,7 млрд теңге сомасына 28 117 қарыз мақұлданды, 161 млрд теңге сомасына 27 006 қарыз қайта қаржыландырылды. Бағдарламаның екінші блогы 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздарын Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландыруды көздейді. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 82 млрд теңге сомасына 9 074 қарыз мақұлданды, 68,4 млрд теңге сомасына 7 750 валюталық ипотекалық қарыз қайта қаржыландырылды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың басынан бастап Агенттік халықтың әлеуметтік осал топтарының (ХӘОТ) санатына жататын қарыз алушылардың ипотекалық қарыздары бойынша қарыз жүктемесін төмендетуге (Бағдарламаның үшінші блогы), сондай-ақ жеңілдікті ипотекалық қарыз беру не кейіннен сатып алу арқылы тұрғын үйді жалға алу арқылы жалғыз баспананы банктің балансынан кепіл берушінің меншігіне қайтаруға бағытталған қосымша шараларды енгізді. Ипотекалық қарыздар бойынша халықты қаржылық қолдаудың қосымша шараларын ескере отырып, Бағдарламаның екінші блогы шеңберінде валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Қарыздың Бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушылар кредитор-банкке жүгінуі қажет. Агенттік Бағдарламаның талаптарын орындау, оның ішінде қарыз алушыларды барынша қамту бөлігінде банктерге бақылау жүргізеді. Бұған қосымша Бағдарламаның талаптарын іске асырудың айқындылығын қамтамасыз ету және бақылау үшін Қазақстанның барлық өңірлерінде Бағдарламаның талаптары бойынша банктің қарызды қайта қаржыландырудан бас тартуының заңдылығы туралы қарыз алушылардың шағымдарын қарайтын арнайы комиссиялар жұмыс істейді. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша комиссиялар қарыз алушылардың 5 094 шағымын қарады. Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері өз кезегінде комиссиялардың өкілеттіктерін кеңейтуді және екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық қарыздар бойынша өтініштерді қарау мерзімін жеделдетуді ұсынды. Агенттік қызметкерлері Бағдарламаның бірінші (2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру) және екінші (2016 жылғы 1 қаңтарға дейін шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру) блоктары бойынша комиссиялардың шешімдері міндетті, үшінші блок бойынша (ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету) – ұсынымдық сипаты бар екенін түсіндірді. Комиссиялар жұмысының міндеті Бағдарлама шарттарының орындалуын бақылау, қарыз алушыларға Бағдарлама шарттарын барынша пайдалану мүмкіндігін беру болып табылады, бұл үшін комиссиялардың жеткілікті өкілеттіктері бар және комиссиялардың шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Екінші деңгейдегі банктердің өтінімдерді қарау мерзімдеріне келетін болсақ, карантин кезеңінде және төтенше жағдай кезеңінде Бағдарлама бойынша жұмыс қарқыны біршама бәсеңдеді. Қаржы реттеушісінің өкілдері Агенттік екінші деңгейдегі банктермен Бағдарлама бойынша қарыз алушылардың әрбір өтінішін  жеке тәртіппен  пысықтайтынына сенім білдірді. Анықтама үшін: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында банктер қызметкерлерінің қарыз алушылармен өзара әрекеттесуі үшін байланыс деректері және банктердің ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсетуді қарастыруға қажетті құжаттардың тізбесі, сондай-ақ қарыздарды қайта қаржыландырудан бас тартуға қарыз алушылардың шағымдарын қарау жөніндегі комиссиялар туралы ақпарат орналастырылған. Сондай-ақ  www.finreg.kz және www.fingramota.kz сайттарында «кері байланыс» функциясымен және Бағдарламаны іске асыру шарттары бойынша сұрақтар қою мүмкіндігімен Бағдарлама бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар орналастырылған.

 

 

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ломбардтарға,

онлайн-компанияларға және микроқаржы ұйымдарына тексеру жүргізуде

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2020 жылғы 26 ақпандағы кеңесте берген тапсырмасын орындау мақсатында  Агенттік ломбардтардың қызметін заңнама талаптарына сәйкестігі,  қаржы пирамидасының белгілерін және заңсыз банк қызметін анықтау тұрғысынан тексеру бойынша шаралар қабылдады. Тексерулер ҚР Бас прокуратурасымен, ҚР Қаржы министрлігімен және ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанның 17 қаласында 276 ломбардқа, халыққа қарыз беретін 11 онлайн-компанияға және 1 микроқаржы ұйымына тексеру жүргізілді.    Агенттік Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу нәтижесінде зардап шеккен халықтың, шағын және орта кәсіпкерліктің қарыздары бойынша негізгі борыш және сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру туралы  тапсырмасын орындау мәселелерін тексеруде. Бұдан басқа, Агенттіктің тексеру мәселелерінің аясына сыйақыны дұрыс есептеу, микрокредиттер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерін сақтау, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептеу, бухгалтерлік есепті ұйымдастыру және жүргізу, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (КЖ/ТҚҚ) туралы заңнаманың талаптарын сақтау кіреді. Прокуратура органдарымен бірлесіп, Агенттік қаржы пирамидасының және заңсыз банк қызметінің белгілерін тексереді. Мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылауды қоса алғанда, салықтық есепті ұйымдастыру және жүргізу мәселелерін тексереді. Ішкі істер органдары үй-жайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды тексеруді, талап етілмеген кепіл мүлкінің ұрланған немесе заңсыз жолмен алынған мүлікті анықтау тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады. Тексерулердің алдын ала нәтижелері бойынша ұйымның есеп саясатының болмауы бөлігінде бухгалтерлік есепті ұйымдастыру мен жүргізу, операцияларды бухгалтерлік есепте тиісті түрде көрсетпей жүргізу, жасалған қаржылық есептіліктің болмауы; Кредиттеу қағидаларына сәйкес келмеу, сондай-ақ қарыз шартының сәйкес келмеуі бөлігіндегі; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) 100%-на асып кету және қарыз шарттарында ЖТСМ-ды көрсетпеу; бір жылдан астам мерзімге қарыз беру бөлігінде; кепілге салынған мүлікті сатқаннан кейін қарыз алушыдан берешектің қалдығын талап ету құқығы бөлігінде; Ұйымның жарғысында көрсетілген қызмет түрлерінің сәйкес келмеуі сияқты жүйелі бұзушылықтар және басқа бұзушылықтар анықталды. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті жауапкершілік шараларын анықтау және қолдану мақсатында оларды жіктеу жүзеге асырылады. Анықтама үшін:  2020 жылғы 1 шілдеге дейін ломбардтар, кредиттік серіктестіктер және онлайн-кредиттеу компаниялары микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ретінде Агенттікте есептік тіркеуден өтуге тиіс.  Сонымен қатар Агенттік микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар үшін жарғылық және меншікті капиталға қойылатын жаңа талаптарды белгілеу мерзімін 2020 жылғы 1 шілдеден 2021 жылғы 1 қаңтарға ауыстырды («Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 сәуірдегі №55 қаулысы).

Қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мына жедел желі телефондарына хабарласыңыз:

 +7 (727) 2788 144 және +7 (727) 2788 122

(жұмыс уақыты: дүйсенбі-жұма сағат 9.00 – 18.30 аралығында,

сенбі – сағат 9.00 — 14.00 аралығында, жексенбі – демалыс)

 

 

 

 

 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий