Қызғылт түсті Көбейтұз

Ерейментау ауданында орналасқан Көбейтұз көлі осы жазда аяқ астынан танымал болды. Көлдің батпағы мен тұзы дертке шипа екені бұрыннан белгілі болатын. Дегенмен, жұрттың көпшілігі оның бір ерекше қасиетін біле бермейді. Атап айтқанда, бұл көл жылына бірнеше рет қызғылт түске боялады.

Көбейтұз көлі – Ақмола облысы, Ерейментау ауданында орналасқан ірі көлдердің бірі. Емдік қасиетінен бөлек, туристерді еліктіретін жайт – көлдің қызғылт түске боялатыны. Ғалымдардың мәліметінше, бұл тұзды суда тіршілік ететін дуанелла (латын тілінде «Dunaliella salina») галофил бактерияларының көбеюіне байланысты көрінеді. Бүгінде бұл шипалы көлді көпшілік толық біле бермейді.
Қызғылт көл Нұр-Сұлтан-Павлодар тасжолының бо-йында жатыр. Саяхаттап баратын болсаңыз, жол-жөнекей екі дәмхана, жанармай бекеттері бар. Қона-жатып келемін дегендер үшін шағын қонақүй де тұр. Көлдің лайы мен тұзы сүйекке, теріге әсер етеді. Салқын тигенде бөлме температурасындағы балшықты тұзды денеге тартса, өте жақсы қыздырады. Келетіндер көп, Қазақстан түгіл, Ресейдің де түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп жатады. «Кешеніміз 2016 жылдан бастап жұмыс істейді, қонақүй және кафеміз бар. Әзірге қонақүйімізде 8 нөміріміз бар, бағасы – тәулігіне 5 мың теңге. Жаз мезгілінде туристер келіп тұрады. Көлдің лайы мен тұзы дертке шипа болғандықтан, емделушілер қатары да көбейіп келеді. Жас кезімізде ата-әжелеріміз киіз үйін көтеріп, «Тұзға кеттік…» деп айтатын еді. Сол көл осы Көбейтұз екен», – дейді бізбен әңгімесінде кешеннің иесі, жеке кәсіпкер Алтын Бөкешова. Осылайша «Ақжол» кешенінен оң жаққа шамамен 3 шақырым жүрсеңіз, біз өзімізше атап отырған «қызғылт» көлге жетесіз.
Далада қыркүйектің қара суығы тұрса да, көл жағасында қарттар суға аяғын салып, ем алып отырады. Ал, көлдің тұзын алуға эколог мамандар биылғы жаздан бастап тыйым салды. Жергілікті тұрғындар тұзды көлді бұрыннан біледі. Бөгенбай батырдың ұрпағы, Жылқыбайдың баласы Көбейдің жайлауы ретінде ертеден танымал. Көл атауының тарихы осыдан шығады. Айта кетерлігі, қызғылт түске боялатын бұл жалғыз ғана көл емес. Павлодар облысындағы Коряковка көлі де дәл осындай қасиетке ие. «Бұл жерде тұзды көлдер көп. Мына жерде Ойнақтың соры деген сор бар. Соның ар жағында Ақмола облысының маңында тағы осындай үлкен тұзды жер бар. Халық емделеді. Жамантұз деп аталады»,–дейді жергілікті тұрғын Сайлау Байбосын.
Емдік қасиетімен белгілі Көбейтұз көліне шомылу мүмкін емес. Тым таяз. Дегенмен, әсем сурет үшін келгісі келетіндер саны артпаса, кемімейтіні мәлім. Осы ретте жергілікті әкімдік арнайы қоқыс жәшіктерін қойған. Көл маңын күтіп-баптайтын ешкім болмағандықтан, тазалық пен тәртіпті қадағалау оңайға түспейді. Жағалауға жақын маңда шүңірейген шұңқырлар көп. Осында келген халық емдік қасиеті бар деп қара батпақты қазып алады. Алайда, бұл көлдің экологиялық, биологиялық жүйесін бұзады. Бір сөзбен айтқанда, мұндай шұңқырлардың орны тез тола қоймайды. Осылай жалғаса берсе, көлдің бірегей түсі бірте-бірте жойылуы мүмкін. Негізі жергілікті әкімдік арнайы қаулы шығарған. Осыған сәйкес, бұл жердің тұзы мен батпағын алуға болмайды. Алайда, мұны қадағалау қиын. Өйткені, көлді қызықтағысы келетіндердің саны күннен-күнге артып барады. Демалыс күндері бұл жерге 500-ге жуық адам келеді екен.
Көбейтұз көлі 49 жылға рекреациялық мақсатта кәсіпкерлерге жалға берілмейтін болды. Бұл туралы облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мәлім етті. «Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы рекреациялық мақсатта жалға беру бойынша конкурс тізіміндегі су объектілері арасынан Көбейтұз көлін алып тастады», – делінген ресми хабарламада. Еске салайық, бұған дейін Көбейтұз бен Қоржынкөл көлдерін 49 жылға жалға берілетіні айтылған еді. Соңғы кездері Көбейтұз көліне қатысты даулы мәселелер көбейіп кетті. Мәселен, бұған дейін кейбір алаяқ тұрғындар көлдің тұзымен коронавирусты емдеуге болады деп сатқан. Аталмыш көл жайлы Мемлекет басшысы да пікір білдірді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды. «Көкшеде демалу орындарында азаматтардың жалпы мәдениеті жетіспейді. Біздің отандастарымыздың Көбейтұз көліне келтірген залалынан әділ наразылық туындады. Азаматтардың демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», – деп жазды Тоқаев.
Иә, егер бағалай білсек, еліміздің әр аймағында осындай шұрайлы, шипалы табиғат сыйлары көп қой. Тек жөн-жобасын жасап, насихаттай білсек, нұр үстіне нұр болар еді. Олай болса, қызғылт түске құбылып тұратын «Көбейтұз» көліне барып, шипасына бөленіңіз. Тек қана табиғат тамашасын бақылап қайтыңыз, жағасын ластап, тұзын қопарып алмаңыз.

P.S. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Көбейтұз көліне қатысты шешімді жариялады. «Бұл – сирек кездесетін көлдердің бірі. Сондықтан, оған ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін беру керек деп санаймыз. Сонда ол жерде тиісті шектеу режимі болады. Осылайша, мемлекет Көбейтұзды өз қорғауына алады», – деді Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. Осы орайда министр Көбейтұзға ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесі беріліп, күзет қойылғанша мұнда экологиялық мәдениет сақталатынына сенім білдірді. Оның айтуынша, бүгінде мобильді бекеттер мен шлагбаум қоюмен мәселе шешілмейді. Себебі, шлагбаум
болса, оны айналып өтуге тырысатын адам табылады. Сондықтан, қазіргі проблеманы екі жолмен шешу керек. Бірінші – экологиялық білім беру, екіншісі – айыппұлды көбейту.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий