Қысылғанға – көмек, қиналғанға – жәрдем

Бұл жолғы қала әкімі Амангелді Смайыловтың қабылдауына қала тұрғындары ішінен алты адам жазылған екен. Алғашқы кірген Жүнісова Меруерт төрт балалы ана. Айына 80 мың теңге төлеп, пәтер жалдайды. Баспана алу үшін кезекте 161-ші болып тұр. Өзінің аяғы ауыр болуы себепті үйде отыр, тек жолдасы ғана жұмыс жасайды. Сол себепті отбасы қиындыққа душар болған. Әкім кезегі келіп пәтер алғанша екі бөлмелі жатақхана берсе, дейді.

Бүгінгідей тұрғын үйлер жиі салынып жатқан кезде, шындығында, Меруерттің пәтерге ие болар уақыты көп қашық емес. Сондықтан, қала басшысы оған сол уақытқа дейін пәтерақы төлеу үшін қаржылай көмектесіп тұруды шешетінін айтты.
Антонина Огурная болса, төсек тартып жатқан мүгедек баласымен отыр. Жұмысқа шыға алмайды. Пәтер кезегінде тұр. Ол бұйырғанша уақытша тұрақ сұрайды. Мамандар кезегінен бұрын пәтер берудің заңсыз болатынын түсіндіріп, оған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қалай пәтерлі болудың жолын айтып берді. Антонина сол жолмен шұғыл баспана алуға кірісуге бел байлады.
Татьяна Бронникова да көпбалалы ана. Балалары 13, 11, 3 жастарда және ең кішісі 9 айлық. Уақытша баспана сұрайды. Оған да «Жилстройбанк» директорының орынбасары Нұржан Әлібеков «Бақытты отбасы» бағдарламасының жеңілдіктерін жеткізді.
Күлпан Құрманова үшінші дәрежелі мүгедек, кәсіпкер. Мынадай қиын кезеңде бизнесті өрге бастырып, табыс табу оңай емес. Сондықтан әкімшіліктен орталық базар ішінен әлдебір сауда орнынан азғантай төлеммен орын тауып беруін немесе контейнерін оңтайлы жерге орналастырып беруін сұрайды. Әкім оны қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Андрей Подгурскийге тапсыратынын айтып, бөлім басшысына да ескертті.
Айнагүл Бейсенованың әкімшілік есігін қағуы бір бұл емес. Науқас қызын Түркияға апарып, ота жасатып әкелген. Енді оған күтім керек. Сол себепті жұмыссыз. Пәтер кезегінде 1419-шы болып тұр. Оған да «Бақытты отбасы» бағдарламасы ұсынылды.
Зейнеткер Базарбай Рахимов өз қара басының қамы емес, қала жағдайын, өзі көріп жүрген кейбір кемшіліктерді айтуға келіпті. Ол Зеренді трассасы бойындағы саяжайларда иесіз учаскелер көп екенін, ай-мақтың сиқын алып тұрған сол жерлерді көкөніс егуге ниетті зейнеткерлерге беру, Темірбеков көшесіндегі 120, 121 үйлер ауласына көлік кіріп-шығуын бөгеп тұрған заңсыз бекітулер, бау-бақша серіктестігі электр желісін «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесіне аудару, тағы басқа ұсыныстарын жеткізді.
Қабылдауға келген барлық азаматтардың арыз-шағымдары толық тыңдалып, коммуналдық шаруашылық, қалалық жер қатынастары, сәулет және архитектура мамандары қатыстырылып, нақтылы жауаптар қайтарылды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий