Қысқы демалыс орындары көбеюде

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы қысқы демалыс орындарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қала әкімі Ермек Маржықпаев «Жастар» стадионының жағдайымен танысты. Спорттық нысан әбден ескірген күйде. Күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Көкшетаулықтардың жаппай бұқаралық спортқа қызығушылығы ескеріле отырып, стадионды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңғырту көзделуде.
Бұдан соң қала басшысы Зеренді бағытында орналасқан ашық аспан астындағы отбасылық-ойын сауық кешенін аралап көрді. Мұнда кәсіпкерлер демалушылар үшін сырғанақ жасаған. Сондай-ақ, қалалықтар үшін дәмхана да жұмыс істейді. Кәсіпкерлер алдағы уақытта футбол алаңы, пейнтбол аренасы, троллей, басқа да аттракциондар орнатуды жоспарлап отыр. Осылайша жыл бойы көкшетаулықтар мен қала қонақтары үшін көңілді демалыс ұйымдастыру көзделуде.
Қала әкімі Қопа көлінің жағалауында орналасқан сырғанақта болып, ұсынылған инфрақұрылыммен танысып, ойын-сауық нысанының даму жоспарын талқылады. Учаскені жалға алушылардың айтуынша, көрсетілетін сервисті жақсарту, әртүрлі жастағылар үшін аттракциондарды көбейту бойынша жоспар жасалған. Әкім Қопа көлінің жағалауында жаңа құрылыстардың бой көтеруіне байланысты аталған мәселені жеке талқылау қажеттігін атап өтті.
Қалада тұрғындардың қысқы демалысына толық жағдай жасалды деуге болады. Шаһарда мұз айдындары мен шаңғы жолдары, сырғанақтар ашылып, халыққа қызмет көрсетіп жатқанына біраз уақыт болды. Күнде келсе де қыс қызығына бүлдіршіндер мен балалар тояр емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, орталықтағы мұз айдынына тәулігіне бес мыңға жуық адам келеді екен. Жарқылдаған шыршаны айнала коньки тепкен қалың қауымды тамашалаудың өзі ғажап!

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий