Қыс қызығы – сырғанақ!..

Ақырып келер аязы су біткенді сірестіріп, өзен-көлді мұзға айналдырар қыс айларының бір қызығы сырғанақ! Бала біткеннің қыстан күтер сыйлығы – осы. Қала басшылығы биыл да балалардың қамын ойлап, орталық алаңдағы мұз қалашығына сырғанақтың не түрін салып берді. Онда қауіпсіз, аласа ғана кішкентай бүлдіршіндерге арналғаны да, шырқай биіктен жұлдыздай сорғалап мәз қылар ересек балаларға арналғандары да жетерлік. Бірі, тіпті тулаған көк теңіздің алып толқындары сияқты. Одан сырғанаған батылдардың қуаныштарында, тіпті шек жоқ. Бейне-бір теңіз толқынында тербелгендей шаттанады. Балдырғандардың бейкүнә күлкісі қайтадан бала қылып жібергендей бөбектерімен жарыса сырғанап жүрген ересектер де жетерлік. Ата-анасының бірге ойнағанына балалар одан сайын қуанышты. Мұздан қашалған неше түрлі ертегі кейіпкерлерінің жанында ертегі әлеміне енген үлкен-кіші күндізді қойып, түнде де сырғанауда. Айнала жап-жарық, сазды әуен төгіліп тұр, күн жылы, неге қыс қызығын қызықтап, ойнамасқа?! Қала сыртындағы қырат-төбелер қызығы тағы өз алдына. Онда да сырғанаушылар сайратып жол салып алған. Мәре-сәре. Ал, Қопа көлінің жиегінен, жазғы жағажай орнынан әдейі көтеріліп жасалған сырғанақ та айтуға тұрарлық. Әрі қолайлы, әрі сырғанар жолы ұзақ. Мұнда да түнде самаладай жарық. Сөйтіп, қала басшылығы биыл да тұрғындарға қыс қызығын қызықтауға тамаша қолайлы жағдай жасады. Еңбек еш кеткен жоқ. Ол үшін тұрғындардың айтар алғыстары шексіз. Бала қуанышына не жетсін?!

Серік Сапарұлы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс