Қыс қыспайды демеңіз

Жылу беру науқанына жан-жақты әзірлік жүруде

«Көкшетау Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қатты отынды қазандықтар мен жылу жүйелерінің техникалық жағдайы, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен таныс-тыру мақсатында журналистерге баспасөз турын ұйымдастырды.

Соңғы жылдары қалада жылуды өндіру мен оны жеткізуде ешқандай кедергі жоқ деуге болады. Облыс орталығында өткен қыста төтенше жағдайлар орын алмағаны белгілі. Жалпы, қалада дайындық жұмыстары ерте көктемнен бастап жаз бойы жүргізілгенін көшелер бойынан, аулалар ішінен байқауға болады.  «Арқаның ауа райы суық, қысы қатты. Техниканың аты техника болған соң кішігірім мәселелер болуы мүмкін, бірақ техникалық мамандардың арқасында қалалықтарға мұндай жағдайлар сезілмейді де. Бәрі кесте бойынша жүзеге асырылды, көмір қоры да жеткілікті болды», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуков. Биыл да жылу беруге қатысты жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жылу жүйелеріндегі температуралық, гидравликалық режимдерді үздіксіз, бірқалыпты ұстап тұруға арналған дербес қазандықтар жөнделуде. Қаладағы магистральдық жылу трассалары қайта жаңғыртылмақшы.

«Көкшетау Жылу» кәсіпорнының магистральдық желілер басқармасының бастығы Руслан Макишевтің айтуынша, Ғабдуллин көшесіндегі жылу магистралы 1995 жылдан бері пайдаланылып келеді. – Қаладағы ғимараттардың 60 пайызына жылу осы магистраль арқылы жеткізіледі. Үздіксіз жұмыс істеп тұрғанына қарамастан соңғы үш жылда гидравликалық сынақтардан кейін ақаулар байқалып отыр. Биыл жылу құбырларын ауыстыру көзделген. Жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады деп күтілуде, – дейді ол. «Көкше-цемент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жақын маңдағы жылу магистралы да жөндеуді қажет етіп тұр. 80-ші жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан «Enki» кәсіпорны аумағындағы №2 сорғы станциясының желілік насостары, электр құрылғыларын жаңарту жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Кәсіпорындағы №8 бу қазандығының электр сүзгілерін жаңарту жұмыстарына қаражат бөлінген. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан электр сүзгінің ескіргенін айтады мамандар. Қыста әр сағат сайын жағылатын 28 тонна көмір қалдықтары осы сүзгіден өткізіледі. Қазіргі күні мұнда жөндеу жұмыстары жүруде. Бастысы, барлық жұмыстар дер кезінде кестеге сай орындалса, алаңдауға негіз жоғын айтады жылу беру мекемелерінің басшылары.

Мамандардың айтуынша, кейбір пәтерлердің ішіне жасалған құрылыс жұмыстарымен бірге жылу схемасы өзгерістерге ұшырап, жылудың қалыпты желісі бұзылған жағдайлар жиі кездеседі екен. Тұрғындар пәтердің жобасын өзгертпес бұрын, тиісті орындармен келіспейді. Өз беттерімен жылыту батареяларын балконға шығарып, бөлмелерге жылытылатын еден төсейді. Ауа райы ерекшеліктерінен бөлек, ыстық су жүретін құбырдың жылуға қатысы бар екенін ескермейді. «Жылу мәселесі тұтас бір механизм іспетті болғандықтан қазандық пен тұтынушыға дейінгі аралықтағы жүйеге қандайда бір тосын ықпалдар болса, ол міндетті түрде жылу желісінің келесі бір нүктесіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан, тұтынушылар жылу ақысын уақытылы төлеумен қатар жылуды пайдалану ережесін қатаң сақтаулары тиіс. Осы және басқа да техникалық талаптар жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келе жатқанымен, тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар азаяр емес. «Көкшетау Жылу» МКК қазандықтар қызметі мен құбырлардағы жылу желісін тәулік бойы қалыпты қадағалауда ұстағанымен тұрғын үйлердің ішкі жүйесіне толықтай араласа алмайды. Себебі, олардың барлығы жекеменшік иелігінде. Жекеменшік құқығындағы дүниеге араласудың өз жөні бар екені тағы белгілі», – деп түсіндірді С.Жуков.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий