«Қыс-2018»: 295 қызметкер, 66 техника жұмылдырылды

Көкшетауда «Қыс-2018» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Оның шеңберінде барлық деңгейдегі авариялық-құтқару, диспетчерлік және болжау қызметтерінің жұмысы, жедел кезекшілік пен басқарудың ұйымдастырылуы, хабарлау және байланыс жүйесінің дайындығы тексерілді.

Шараға Көкшетау қаласының төтенше жағдайлар қызметі бойынша комиссия, авариялық-құтқару қызметі мен құрылымдар, сондай-ақ, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық кәсіпорындар жиылды. Жаттығуға 295 қызметкер мен 66 техника жұмылдырылды.

Аймақтық құтқару қызметі төтенше жағдайларды жоюдың бірқатар сценарийін әзірлеп, сол бойынша әрекет етті. Шара барысында облыс орталығында қыс мезгілінде жиі қайталанатын коммуналдық апаттар пысықталды. Қыстың көзі қырауда шартты түрде жылу құбыры жарылып, көпқабатты 1200 тұрғын үй мен 150 әлеуметтік нысан жылусыз қалды. Бұл үйлердің 25 мың тұрғыны үшін жылыту пункті жасақталды. Қақаған аязда жолда тұрып қалған автобус жолаушыларын құтқару, көктайғақ кезінде болған жол-көлік апаттарының салдарын жою және боранда адасып кеткен адамдарды іздеп табу да оқу-жаттығу сценарийіне енгізілді. Қысқы кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін құрылған авариялық-құтқару қызметінің құрылымы мен құрал-саймандарының есебі де анықталды. Энергия, газ, жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің және көлік қатынастарының жұмыс істеуге дайындығы, тәуелсіз энергиямен қамтамасыз ету көздерінің, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да қорлардың шамасы белгілі болды. Оқу-жаттығу барысында авариялық-құтқару қызметі және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуде шұғыл басқару алгоритмдері жасалды. Халықты шұғыл хабарландыру үшін аудандық орталықтандырылған хабарлау жүйелері қаралды. Төтенше жағдайлар аймағында және автокөлік коммуникацияларында адам өліміне жол бермеу бойынша құрылымдардың іс-әрекеттері, апат аймағынан адамдарды іздеу, оларды уақытша орналастыру аймақтарына көшіру, зардап шеккендерге бірінші дәрігерлік және медициналық көмек көрсету сияқты мәселелер де оқу-жаттығу барысында пысықталды. 2018 жылдың соңғы 10 айында өрт сөндіру қызметіне 2099 дабылды хабар келіп түскен, соның ішінде 647 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт кезінде 20 адам қаза болып, 10 адам жарақат алса, 2 адам түтіннен уланған. Жеке құрамның шұғыл әрекет ету нәтижесінде 17 адам өрттен құтқарылып, 324 адам эвакуа-цияланды. Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде 151 адамның өмірі құтқарылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында гарнизонда жыл басынан бері 87, ірі нысандарда 1460 өрт-тактикалық жаттығулары өткізілді.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий