Құдықағаш – құтты мекен

Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин музейі өткізіп жатқан «Ауылым – алтын тұғырым» жобасының кезекті іс-шарасы Еңбекшілдер ауданына қарасты Құдықағаш ауылының тарихына арналды. 1991 жылы ауыл мектебіне жауынгер-композитор Рамазан Елебаевтың есімі берілген. Осы ауылдың тумасы, қарт ұстаз Жамаш Нұралыұлының мұрындық болуымен музей де ашылған-ды. «Ауылым – алтын тұғырым» көрмесіне осы музейдің қорындағы құнды құжаттар, көне қолөнер туындылары, Құдықағаштан шыққан атақты да белді тұлғалар және мектептің жетістіктері алға тартылыпты.

Көрменің ашылу салтанаты батыр Мәліктің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Онда құттықтау сөз сөйлеген музей директоры Құдайберлі Мырзабек басты мақсат қаймана қазақтың қасиетті де қастерлі тұғыры – кіндік қаны тамған туған ауылы екенін еске салу, далалықтан қалалыққа айналған ауыл азаматтарын туған топырағына жанашырлықпен қарап, қолдау көрсетуге шақыру екенін айтты. Енді міне, Құдықағаш ауылында дүниеге келген көкшетаулық жерлестері бір ай бойы Мәлік Ғабдуллин музейінің көрме залына барып, өзінің туып-өскен жері жайлы мәліметтермен таныса алады. 1929 жылы іргетасы қаланған ауылдың осы кезге дейінгі жүріп өткен жолы жайлы мектеп оқушылары Дамир Бүркітбай мен Саягүл Қаркен таныстырды. Сонау колхоз болып құрылған елді-мекеннің бастапқыда қанша гектар жері, қанша малы, тұрғынының саны, айналысқан шаруасы жайлы қызықты мәліметтер келтірілді. Бұл ауылдан айтулы азаматтар көп шыққан. Солардың қатарында Қаныш Сәтпаевпен Жезқазған кенін зерттеу жұмыстарына қатысқан Мағауия Биғалиев, алғашқы ғарышкер Юрий Гагаринді ғарышқа ұшуға дайындағандардың қатарында болған Наиль Садықов, Қазақстанның Алтын кітабына енген жұмысшы Зейнелғабиден Салықов, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегерлері Баржақсы Жүсіпов, Базар Жанәділов, қоғам қайраткері Мейрамбек Қиықов, Ақмола облыстық мұсылман әйелдері лигасына жетекшілік еткен қарт ұстаз Рауза Бәйкенова, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Қазима Өміралинаның суреттері ілініпті. Ұлы Отан соғысы жылдары жерін жаудан қорғауға аттанған азаматтардың қатарында құдықағаштық атақты композитор Рамазан Елебаев та бар еді. Оның әйгілі «Жас қазақ» әні ұрыс даласында жауынгерлерге рух берді. Рамазандай жалынды жігіттердің талайы қан майданда қаза тапты. Осы ауылдан 123 азамат хабарсыз кетіп, 36-сы ғана аман-есен елге оралған. Осы ауылдың тумасы, дәрігер Қайыргелді Қиықовтың бастамасымен және оның қызы Жанардың қолдауымен Ресейдің Қорғаныс министрлігінің «ОБД Мемориал» сайтымен жүргізген жұмыстарының нәтижесінде құдықағаштық 6 сарбаздың аты Балтық жағалауындағы елдердің бауырластар зиратының тақталарына жазылыпты. Хабарсыз кетті деген 30-дан астам сарбаздың аты-жөні мен ұрысқа қатысқан жері анықталыпты. Бұл жұмыстар ары қарай жалғасын тауып жатыр. Құдықағаш ауылы қазір өркен жайып, дамып келеді. Ауыл азаматтары елін тастап кетпей, шаруа қожалықтарын құрып, егінін егіп, малын бағып отыр. Мектепке қолғабыс жасап, мешіт ашып, клубты қалыпқа келтіріп, туған топырағының түлеуіне ықпал етуде. Шара барысында ауылдың гүлденуіне қол ұшын созған Мейрамбек Қиықовтың да еңбегі ерекше аталды. Ауыл адамдарының ұйымшылдығы мен еңбекқорлығы жайлы да сыр шертілді.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс