«Құнанбайды» көргенде…

Өнер тарланы Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмін көрерде іште әртүрлі қарама-қайшы пікірлердің бірінен бірі озып, таласқа түскені шындық. «Тым асығыс емес пе? «Біржанды» түсіргені күні кеше ғана. Біраз кідіріп, ойланып-толғанып алмай ма екен?», «Ылғи басты рөлді өзі ойнай бере ме? Олары бір-біріне ұқсап кетпей ме?», «Тарихи, үлкен, кесек тұлғаларға жылдап дайындалып барғаны жөн болмас па еді?» – деген сияқты сан-саққа тартқан пікірлер еді, олар. Осындай, күпті көңіл, қобалжуды жиып қойып, көгілдір экранға көз тіккенбіз. Апырай!.. Талант дегенге дауа жоқ екен-ау!..

Толыққанды, көркем көріністер. Айла-тұзағы тасада, ашуы мен ақылы алысқан, жалына қол тигізбес асаудай алып тұлға Құнанбай!.. Мыңғыртып мал айдаған, айбыны мен ағайынының көптігіне, көк тіреген билігі мен аруақ қонған тегіне сүйенген марқасқа мырзалардың қағытуы мен кей тұста ашуға булығып бұрқ-сарқ еткен Барақтардың «жекпе-жек» деп зіркілдегеніне де селт етпейді-ау! Өйтетін де жөні бар. Ата-тегі, әулетіне біткен мал, асқақтаған абырой жөнінен болсын Құнанбай кімнен кем еді? Би аталарының соңынан жүріп, билікке жастай араласып, батасын алғаны аян. Жасында «мен» деген балуанмен белдесе кетер жүректілігі мен қара нардай қайраты болғаны да шын. Алла сыйлаған зейін-зердесі, көрген-білген, түйгені, әрі-беріні болжай алар саясаткерлігі замандасының талайын он орап алары тағы рас. Ендеше, Құнанбай кімнен айыл жияр? Ал, осындай екпіні тау қопарар айбынды, адуынды, қай ортада болмасын тартынып, сөзден тосылмайтын, билік айтуда тоқырамайтын Құнанбайдың анасы алдындағы кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы қандай?! Бақ пен байлыққа таласқан ашкөз топтың алдында алдырмас қамалдай болса да, анасы алдында кәдімгі пенде, бала ғана. Көпті көрген анасынан ақыл сұрайды, әр сөзіне мән береді, кеңесіне құлақ асады. Осындай күрделі тұлғаны Досхан актер қалай шынайы сомдайды десеңізші?! Фильмдегі ана рөлі де толымды. «Балаң айдалып бара жатыр» дегенді естігенде желіде қалған жалғыз атқа міне сап шабады. Алыстан: «Айыбың не, Құнаш?» – деп дауыстайды. «Ешқандай айыбым жоқ, шеше! Көрсетіндімен кетіп бара жатырмын!» – дейді, баласы. «Құдайға шүкір! Арың таза екен, Аллаға аманат. Қайда жүрсең – аман жүр!» дейді ана. Мәрттікті көріңізсейші?! Ал, ел алдында жекпе-жекке шақырып, аюдай ақыратын Барақ итжеккенге айдалып бара жатқан Құнанбайды кепілдікке көп мал айдатып, босатып алады. Ұлы даланың, құла дүздің сырттандары-ай, дейсің! Айтысып-тартысса да, жағаласса да жамандыққа, азапқа қимайды замандасын!..
Образы Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушының «Абай жолы» романы бойынша санаға сіңіп қалған, кейін, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана шындық айтылып, Құнанбайдың әдеби емес, шынайы кейпі көлденең тартылған еді ғой. Мал біткеннің, бай болғанның бәрін жеккөрінішті еткен, «кәмпескеге» ұшыратып, итжеккенге айдап тоз-тоз еткен кеңестік идеология кезінде туған шығармада басқаша болуы мүмкін де емес еді. Тіпті, Құнанбай бейнесі әлі көп адамның түсінігінде сол күйі қалып та қоймағанына кім кепіл? Бұл тұрғыда фильмдегі Құнанбай образының тыңнан түрен салған тым соны екені сөзсіз. Санадағы сол төңкерісті Дос-хан Жолжақсынов жасап отыр! Иә, бұған дейін Кеңес заманында оқыған жұрт Құнанбайды мейірімсіз, қатыгез, өркөкірек, менмен адам деп келген. Сөйтсек, бұл пікіріміз мүлдем кереғар екен ғой. «Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және жүйрік тіл берген. Іскер, өз аталастарының игілігі туралы қам жейді. Дала заңдары мен құран қағидаларының баянды білгірі, қазақтарға қатысты Ресей заңдарын жатқа біледі, қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Қарапайым Құнанбай әулиенің даңқына бөленген. Одан ақыл сұрауға жас та, кәрі де, бай да әр қиырдан келіп жатады», – деп жазады поляк ғалымы Адольф Янушкевич. Анасы Зеренің Кеңгірбай биден үш барып Құнанбай балаға бата алуы, кейін Құнанбайдың «Би ата алдында бата берген қарызым бар» деп оның басына зират салдыруы, Меккеде тәкие салғызуы сияқты толып жатқан қызықты деректер бар.
Әрі режиссер, әрі басты рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсыновтың ерекше қабілеті мен талантына тәнті бола отырып, оның жас кезіндегі театр сахнасындағы ойындары еске оралды. …Біз оқыған ол кезде Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің бас ғимараты балалар мен жасөспірімдер театрының дәл іргесінде еді. (Төртінші курстан бастап қана КазГУградтағы оқу корпусына көштік). Ал, театр сынынан сабақ беретін профессор Рымғали Нұрғалиев ағайымыз театр қойылымдарына барып тұруымызды талап ететін. Көрген спектакльдеріміз туралы пікірлерімізді айтқызып, лекциясын жалғап, осы өнердің мән-жайына тереңдейтін. Сонымен, «ТЮЗ-дің» тұрақты көрерменіміз. Қай спектакльдің болмасын темір қазық бел ортасында, басты рөлдерінде қылшылдаған жас жігіт Досхан Жолжақсынов болатын. Рөлдері өте сенімді, тартымды. Әр қылығы, қимылы, дауыс ырғағы бәрі-бәрі көңілімізге қонып, сол образдардың қолдаушысына, жақтаушысына айналамыз. Сол сияқты өзімізге сенімді, адал, сергек, белсенді, қайратты да жігерлі болуға тырысамыз. Оның сахнадағы әріптестері Ләйлә Қаденова, Нұрқанат Жақыпбаев, Мейірман Кенжекеев, Қасым Жәкібаев, Қадірбек Демесінов, Әмина Өмірзақовалар… Қайсысы кенже қалушы еді? Бәрі де шебер!.. Соның ішінде Досхан ақ алмастай жарқылдап, қойылымның діңгегіне айналып, оқиғаны тереңдетіп, шиеленістіріп, үйіріп әкететін. Жас та болса шеберлігі шексіз еді. Алаңсыз, шынайы ойынына Алматының талғампаз көрермені түрегеп тұрып қол соғатын. Әшейінде, көшеде сыртынан көре қалсақ, тұра қап қараймыз. Көшеде де сол қалпы: белсенді, екпінді, дос-құрбыларының ортасында. Қашан көрсең жаралған аттай. Спорттық бабында. Күш-қуаты сыртқа теуіп тұрады. Алма-кезек қойылатын пьесалардың әрқайсысында әртүрлі рөл. Соларға қалай тез бейімделіп, өзгеріп үлгереді деп таң қалатынбыз. Бәлкім, актер сонысымен актер ме, кім білсін. Сонда да…
Сөйтіп, жүріп оқу бітті. Жан-жаққа тарқастық. Бір күні «Даладағы қуғын» атты көркем фильмнің басты рөлінде жарық жұлдыздай жарқ етті!.. Кеше ғана жақыннан көріп, сахнадан сүйсініп жүрген өнерпазымыз экранда!.. Фильм Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» атты әңгімесі бойынша түсірілген. Мектеп жасынан оқып, бойымызға сіңген сюжет. Досхан қалай ойнады деңізші?! Бойына қуаты сыймай, жауларын жайратып салуға құлшынған көзсіз батыр!.. Тайсалу, қорқу-үрку жоқ, аждаһаның аузына аяқтай баруға әзір. Қазақтың осындай қайсарлығы мен тәуекелін тап басып берген. Шиыршық атқан жігіт әрекетіне қарай бергің, көре бергің келеді. Осы алғашқы басты рөлімен-ақ, Досхан Жолжақсынов өзінің үлкен болашағы барлығын қапысыз дәлелдеген-ді. Енді бірде Сағи Жиенбаевтың өлеңіне ән шығарып, қара домбырасын қағып-қағып жіберіп: «Жусанның иісі бұрқырап, Қарттарым аман-сау жүрші?!» – деп күңіренді. Бұл әннің өзі бір ғұмыр болды десек, артық айтқан болар ма едік?.. Жұрт ойға бөгіп тыңдады, ой-өрісін түзеді, ала шапқын жүрісін бір уақ тоқтатып, жан-жағына қарады. «Не ғып жүрмін, қарттарым қайда, ауылымда кімдер қалды, кімге қарыз ем, парызымды өтеп пе ем?» деген ойлар төңіректеді, әркімді. Концерттерде шырқалды, радио-теледидардан саңқылдады бұл ән. Бұл өнерпаз өресі, жеңісі, ізденісінің жемісі емес пе?
Міне, одан бері арада отыз жылдың үстінде уақыт өтті. Оны талай киноның төрінен, күрделі рөлдерден көре бастадық. Құлашы кең, өнерінің өресі биік, психологиялық иірімі терең, ойлы актер қай қойылымның болсын көркі. «Біржанды» көріп бір жасап қалғанбыз. Осынау табысы жаңа биіктерге жетелеген болса керек. Шым-шытырық, аса күрделі бейне, ұлы Абайдың әкесі, дала кемеңгері, ақылман да діндар, іскер де көреген Құнанбайды жаңа қалыпта алып шықты!.. Тереңде қылаң берген күмәннің қайда кеткені белгісіз. Фильм біткенде көкіректе биік өнерге деген құрмет, ұлтымыздың еңселі тұлғаларының барлығына деген мақтаныш сезімі ғана қалыпты. Ұлт тарихының жаңа бір парағын алдыңызға ашып тастағандай. Халқымыздың жады, ұстанымы, ділі, тұрмыс-салты, тіні үзілмеген ғұрпы ақ самалдай алдан еседі. «Құнанбайды» көргенде осындай ғажайып әсерде болдық. Айтпақшы, әлгі түйе бұйдасын жалаңаш күйі тіспен шешетін қыз туралы… Ондай ойын, ғұрыптың болған-болмағаны жайлы да талас бар ғой. Бізде «Соны неменеге қыстырды екен, сөзге қалып?» дегенбіз. Әйтеуір, алыстан, ірі планмен адам көріп үлгерер-үлгермес қып түсірген екен. Анайы ештеңе жоқ…

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
жазушы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс