Құрбан айт мүбәрак болсын!

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қоянбекұлы Қыдырминнің қатысуымен  Ақмола облыстық коммуникациялар қызметінің мәжіліс залында облыстың  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихаты болды. Бұл кездесуде алдағы келе жатқан қасиетті мереке – Құрбан айт мейрамының тағылымы жайлы әңгіме қозғалды.

Облыс имамы өзінің журналис-терге арнаған кіріспе сөзінде ислам күнтізбесіндегі бұл айшықты мерекенің тарихы мен тағылымы жайлы айтып берді. Осы мерекеде орындалатын ең басты рәсім – құрбан шалу парызын орындаудың амалдарын да тілге тиек етті. Көпшілік назарын шалынатын малдың және кімдер құрбан шала алады деген сауалға аудара отырып, биыл «Бижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қасапханасында арнайы мал союға байланысты іс-шаралар өткізілетінін атап көрсетті. Сонымен бірге, бұл мереке күні орталық мешітпен ұйымдастырылатын іс-шаралар бағдарламасы жайлы да өз ойын білдірді. Мысалы, Құрбан айттың алғашқы күні, атап айтсақ, 12 қыркүйек күні таңғы сағат 6.30-дан 7.25-сағатқа дейін Науан хазірет мешітінде арнайы уағыз айтылады. Айт намазы алдында облыс басшыларының халықты құттықтауы да күтілуде. Одан әрі сағат 7.30-сағатта Айт намазы оқылады. Бұл мерекелік намаздың да өзіндік сыры бар. Осы намаз орындалғаннан кейін ғана құрбан шалу рәсімі басталады. Мешітте Құрбан айт дастарханы жайылып, барлық адам дәм тата алады. Ал, кішкентай балғындарға арнайы дастархан жайылып, сосын «Рио» ойын-сауық орталығында арнайы мерекелік бағдарлама ұсынылады. Мүгедек балалар мен мұсылман әйелдерге де айт шәйі жасалып, дастархан басында мерекенің тағылымы жайлы уағыз айтылады. Ал, келесі күні студенттерге арналып, ұлттық ойын түрлерінен са-йыстар өткізіледі. Кездесу соңында Қанат Қыдырмин журналистердің басқа да сауалдарына толымды
жауаптар берді.

Құрбандық шалудың төрт шарты

Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пай-ғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге тырысқаны жөн.

Құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп болады: мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки, соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген. Аллаһ тағала былай дейді: «Әрі барша адамдарды қажылыққа шақыр, олар жаяу немесе ұзақ жерден арып-ашып, түйемен саған келсін. Келгесін олар мұның өздеріне тигізген пайдаларын көрсін. Алладан өздеріне ризық ретінде берілген құрбандық малдарды белгілі күндерде Алланың атын айтып, құрбандық шалсын. Оның етінен өздерің де жеңдер, жоқ-жітікке де жегізіңдер!» (Хаж сүресі, 27-28). Байқасақ, аятта құрбандыққа шалынатын малдың Аллаһтан берілген несібе екендігі айтылуда. Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал, құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаһқа арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген ризығы болғандықтан, етін сол отбасы мүшелерімен қоса кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде жағдайы тым нашар адамдардың бар екенін ұмытпаған жөн. Бір күндік өміріне талшық етерлік ас таппай жүрген жандар да жоқ емес. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс