Құрметке лайық жандар

«Көкшетау» мәдениет сарайында Мұғалім күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шара аясында білім беру саласының жетістіктерін көрсететін көрме ұйымдастырылды. Онда мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарының түрлі сайыстарда еншілеген марапаттары қойылды. Оқушылардың қиялынан шыққан роботты техникалар да келушілердің назарына ұсынылды. Сондай-ақ, әр жылдары республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары да мерекенің құрметті қонақтары болды.

Ақмола облысының əкімі Мәлік Мырзалин өңірдегі ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады. «Біздің облысымызда 22 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Бұл – Қазақстанның болашағы үшін жауапты, білікті мамандар. Мұғалім – бұл жай ғана мамандық емес, мұғалім бұл – жүректің қалауы», – деп атап өтті өңір басшысы. Бүгінгі таңда Ақмола облысында 580-ге жуық білім ошағы бар. Тәуелсіздік алған жылдардан бері өңірде 40 жаңа мектеп салынған. Білім ошақтарының барлығы жаңартылған білім беру бағдарламаларымен жұмыс істеуде. Оқушылар жаңа оқулықтармен қамтылған. Мектептердің 88 пайызы интернетке қосылды. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті жүз пайызға дейін жеткізу жоспары тұр. Сонымен қатар, кадр мәселесін шешу үшін биыл педагогикалық мамандықтарға облыстық бюджеттен 100 білім беру гранты бөлінді. Мерекелік шарада Ақмола облысы білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген 36 педагог «Ыбырай Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерімен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, биыл алғаш рет білім беру саласында инновациялық жобаларын ұсынған мұғалімдер 100 мың теңге көлемінде қаржылай сертификатқа ие болды. Салтанатты шарада ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеп, өңірдің білім беру саласына елеулі еңбек сіңірген ардагер ұстаздарға да гүл шоқтары ұсынылып, құрмет көрсетілді. Жиын соңы ақмолалық өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс