Құрметті көкшетаулықтар мен қала меймандары!

Сіздерді көктемнің жарқын мерекесі – достық пен бірліктің мейрамы Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз талай ұлт пен ұлыстың алтын мекеніне айналды және бұл біздің мәртебеміз деген еді. Бір ұлт – бір тағдырды таңдап алғаннан кейін болашаққа да бірге қадам басамыз. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, еліміздің ертеңіне жол аштық. Осы жылдар аралығында бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбек еттік. Татулығымыздың, рухымыздың биік және табандылығымыздың арқасында егемен елдің тұтастығына қол жеткізіп, қауіпсіздікті нығайтып, экономикамызды дамытып, азаматтық келісімге иек арттық. Осының бәрі бірлескен істің жемісі.
Қазақтың тарихтан белгілі ақылгөйлері мен ағартушыларының, философтар мен мемлекет қайраткерлерінің озық дәстүрлерін толеранттық саясатына енгізу арқылы ұлтаралық және конфессияаралық келісімге қол жеткіздік. Ұлттық Рухымызды нығайту және дамыту ел бірлігінің негізі болып табылады. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттігімізді нығайту, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғау, зияткерлік ұлтты құру мен отансүйгіш ұрпақты тәрбиелеу басты мақсатымыз. Бұл баршамызға қатысты. Осының бәрі жиылып келіп, ортақ үйіміз – сүйікті қаламызды дамыту мен елімізді өркендетудің негізін қалайды. Осы сәтті пайдаланып қала тұрғындарына Көкшетауды өркендетуге үлесін қосып, қажырлы еңбек етіп жатқандары үшін алғысымды білдіремін. Мерекеге орай баршаңыздың отбастарыңызға табыс, бақыт, бейбіт өмір тілеймін. Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан өркендей берсін!

Ермек Маржықпаев,
Көкшетау қаласының әкімі.

Қадірлі жерлестер! Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің рәмізі, ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы болып табылады. Жуырда еліміздегі барлық ақпарат құралдарында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбекте Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуі қажеттігін қадап айтты. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс.
Әр кезеңдерде халқымыз елімізден пана іздеп келген этностарды бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгінгі күні қаламызда 30-дан аса ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Құрметті жерлестер! Көкшетау қалалық мәслихаты депутаттарының атынан баршаңызға шынайы көңілмен бақыт-береке, ашық аспан, елімізді өркендету жолындағы еңбектеріңізге мол табыс, отбастарыңызға аманшылық пен шаттық тілеймін! Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!

Бауыржан ҒАЙСА,
қалалық мәслихаттың хатшысы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс