Құрметті көкшетаулықтар, қадірлі ардагерлер, тыл еңбеккерлері!

Сіздерді мақтаныштың, даңқтың, батылдық пен жігердің нышанын білдіретін Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Қаншама жыл өтсе де біз Ұлы Жеңісті үлкен мақтанышпен және ризашылықпен еске алып, туған жердің еркіндігі үшін өлімге қарсы бас тіккен, қандарын төккен және соғыстан кейін қираған елдерді көтергендердің еңбегін ұмытпаймыз. Жеңіс бізге майдангер-жауынгерлердің ерлігімен, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерлігімен келді. Оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлер өшпес ерлік көрсетті. Олардың қаһармандық өнегесі бүгінгі жас ұрпақтың жадында мәңгі сақталуы тиіс. Тек майданда ғана емес, тылда жұмыс істегендердің де еңбегі жоғары ілтипатқа лайық. Себебі, олар соғыс кезінде майдан шебіндегі солдаттармен бірдей қиыншылық көрді, бірдей азап шекті. Бүгінде сол қиян-кескі ұрыстың тірі куәгерлері – Ұлы Отан соғысының 14 ардагері Көкшетауда тұрып жатыр. Олар: Кенжебек Әкімбаев, Казимир Беймарт, Василий Горбонос, Асылбек Дәулетов, Николай Дериглазов, Саттар Жақанов, Есқожа Итжанов, Мырзағали Қажымов, Александр Кияткин, Елдес Қоңыров, Әлімгерей Мәженов, Валентина Мазурова, Илья Марченко, Петр Шаталов. Жеңісті жақындатып, бүгінгі бейбіт күн үшін күрескен ардагерлерді құрметтеу бүгінгі ұрпақ парызы. Біз Сіздердің ерліктеріңіз бен Отанға деген махаббаттарыңыз үшін, өмірлік даналықтарыңыз, белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін және өсіп келе жатқан ұрпақтың отаншылдығы үшін алғысымызды айтамыз.
Құрметті жерлестер! Ерекше мәні зор осынау мереке күні Сіздерді шын жүрегіммен құттықтай отырып, мықты денсаулық, шексіз бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз! Үйлеріңізде әрқашан бейбітшілік болсын!

 

Амангелді СМАЙЫЛОВ,
Көкшетау қаласының әкімі.

Ардақты ардагерлер мен
тыл еңбеккерлері!

Сiздердi қалалық депутаттар корпусы және жеке өз атымнан мемлекетіміздің айбынды мерекесі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толу мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір Тәуелсіз мемлекеттің ең басты мақсаты – ел тыныштығын қорғау, мемлекет тұтастығын сақтау. Сондықтан да, 7 мамыр күні – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, айбынды әскеріміздің атағын асқақтатқан, мемлекетіміздің қуатын айғақтайтын күн.
Ұлы Жеңіс – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бұл күннің орны да, орайы да бөлек.
Сіздер сұрапыл соғыстың соқпағынан өтіп, Отан деп от пен суға түсіп, кең-байтақ жерді қорғадыңыздар. Ерліктің ерен үлгісін танытып, бүгінгі бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз ерліктеріңіз мәңгі ұмытылмайды. Бұл Жеңіс – бүкіл соғысқа қатысушылар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухының жеңісі. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан отандастарымыздың есімдері мен ерліктері  ешқашан ұмытылмайды. Біз оларды әрдайым ардақтап, мақтан етеміз.Ұлы жеңіс күні – Сіздерге зор денсаулық, балаларыңыз бен немерелеріңізге жарқын болашақ, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілеймін.
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Жанат ӘБІШЕВ,
Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий