Құрметті көкшетаулықтар! Құрметті жерлестер!

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Наурыз мейрамы шын мәнінде жалпыұлттық және табиғаттың жаңғыруының жарқын мерекесіне айналды. Адамдардың рухани тазаруына ықпал етіп, бейбітшілік пен келісімді нығайтып, уақыт пен ұрпақтың өзара байланысын қамтамасыз етуде. Наурыз адамдарды дастархан басына жақындастырып, олардың бейбіт өмірге, қайырымдылық пен келісімге деген құлшыныстарын шыңдай түсуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық қарым-қатынас саласындағы мақсаткерлік және салиқалы саясаты арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен өзара түсіністік салтанат құруда. Бұл дегеніңіз кез келген қоғамның экономикалық тұрақтылығының кепілі болып саналады.
Бүгінгі таңда біз Наурыз мейрамды жақсы көрсеткіштермен, жетістіктермен қарсы алудамыз. Сол себепті көкшетаулықтарға тынымсыз әрі қажырлы еңбектері үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мерекеге орай баршаңызға шын жүректен мықты денсаулық, ізгілік, ырыс-береке тілеймін. Болашағымыз жарқын болып, Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа көтеріңкі көңіл-күй, ырыздық әкелсін!

Ермек Маржықпаев,
Көкшетау қаласының әкімі

Наурыз – жер-ананың бусанып, барша тіршіліктің жаңаруының символы. Жылдың көңілге шуақ құяр осы сәті уақыт пен ұрпақтың үзілмейтін сабақтастығын аңғартады. Жасампаздық пен әсемдіктен, сүйіспеншілік пен татулықтан қуат алған Наурыз мейрам халқымыздың мәдениеті мен дәстүрінің ұлылығын паш еткендей. Ата-бабаларымыз қасиетті де киелі осы күнді өздерінің жетістіктерімен, табыстарымен бағалап, болашақтағы жоспарларын айқындаған. Бүгінгі таңда біз осы дәстүрді сеніммен жалғастырудамыз. Жылдан-жылға біздің басты игілігіміз – бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім салтанат құруда. Бүгінгі таңда Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері үшін туған Отаны саналады. Достығымыздың беріктігі мен татулығымыз бізге көктем мерекесін болашаққа деген зор сеніммен, үкілі үмітпен қарсы алуға мүмкіндік беруде. Наурыз мейрам әр отбасына қуаныш, шаттық, ізгілік, бақыт әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Бауыржан Ғайса,
қалалық мәслихаттың хатшысы

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс