Құрметті профессор атағы берілді

Жақында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мәжіліс залында жазушы-публицист, қаламы жүйрік майталман журналист, кәсіпқой аудармашы, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлына осы университеттің Құрметті профессоры атағын тапсыру рәсімі болып өтті. Бұл жиылысқа университеттің ғалымдары, оқытушылары және әкімшілік қызметкерлері қатысты. Жиынды аталған университеттің ректоры, профессор Марат Сырлыбаев ашып, сөз сөйледі. Ол өзінің құттықтау сөзінде:
– Тіл білімінде «диглоссия», «билингвизм» деген терминдер бар. ДИ – екі, ал глоссия – тіл деген ұғымдардан құрылған. Ал, билингвальді тұлға да – осы қостілді адам ұғымының баламасы. Қазіргі уақытта бұл терминдермен бір адамның екі немесе одан да көп тілдерді жетік меңгеруін атап жүр. Бүгінде салиқалы 70-тің белесіне көтерілген Көкшенің атпал азаматы, журналист, жазушы-аудармашы Ғосман аға Төлеғұлұлын билингві тұлға ретінде тануымызға толық негіз бар. Оған аударма саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған Ғосман Төлеғұлдың қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударған 70-тен аса аударма еңбектері толық дәлел бола алады. Мәселен, Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі», Қойшығара Салғараұлының «Модэ ханы», американдық зерттеуші, журналист Стивен Фредерик Старрдың «Ағарту дәуірінің жоғалған кезеңі: Ұмытылған ұлылық: арабтардың жаулап алуынан Әмір Темір заманына дейінгі Орталық Азияның алтын ғасыры» сияқты тарихи еңбектері, белгілі сыншы-ғалым Айқын Нұрқатовтың «Абайдың поэтикалық дәстүрлері», Немат Келімбетовтың «Түркі халықтарының әдеби ескерткіштері», Мәжіліс депутаты, жазушы Сауытбек Абдрахмановтың «Құран және Пушкин», Жамбыл Артықбаевтың «Қазақстан өзбектері: тарихы, шаруашылығы және мәдениеті, рухани өмірі» және экономика, философия, публицистика, саясаттану салаларына қатысты ондаған зерттеулер, жинақтар мен анықтамалар Ғосман Төлеғұлұлының қарымды қаламының арқасында ана тілімізден орыс тіліне аударылып, мыңдаған оқырмандарына, студенттер қауымына жол тартқаны белгілі. Білім ордасы басшысының Ғосман Төлеғұлұлы туралы ортаға салған оралымды да салиқалы ойлары сөзсіз көңіл қуантады. Өйткені, осы бір еңбектер арқылы көптеген әлем халықтары қазақ халқының тарихы, оның салт-дәстүрлері, рухани байлығы және мәдениетімен жіті танысуда десек қателеспейміз.
Университет ғалымдары, оқытушылары мен студенттерінің есімі елге танымал ағамыздың арасындағы ынтымақтастығы мен бірлесіп атқарған жемісті еңбектері, әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоян-қолтық жүргізген шығармашылық табыстарының нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Жазушы-публицист, аударма ісі шеберінің осы бағыттағы ауқымды еңбектерін жоғары бағалаған университеттің мәртебелі ғылыми кеңесі Ғосман Төлеғұлұлына жоғары оқу орнының Құрметті профессоры атағын беру туралы бірауыздан шешім қабылдады.
Ардагер журналист бұл атаққа лайықты адам екені бәрімізге аян. Оның жоғары білім саласына қатысты аударған кітаптары, оқулықтары мен оқу құралдары жастарға саналы тәлім-тәрбие беруде, олардың рухани байлықтарын молайтуға қосып отырған үлес салмағы ауқымды. Бұлардың қатарына «Ғабит Мүсіреповтың публицистикалық шеберлігі», «Ой-қазына антологиясы», «Әлемдік сая-саттану антологиясы», Нұрсұлтан Назарбаев «Бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы», «Саяси сана саңлақтары», «Этносаяси сөздік», «Уроки столетия» және басқа да шығармашылық еңбектерін жатқызуға болады.
Жиында сөз алған Ғосман Төлеғұлұлы университет ұжымына, ғалымдары мен оқытушыларына өзіне сенім артып, шығармашылық еңбегін абыройлы бағалап, жоғары атақ беру туралы қабылдаған шешімдеріне шын жүректен ақ алғысын білдірді, білім ордасының ұжымына алдағы уақытта жемісті еңбек, толайым табыстар, отбастарына игілік пен бірлік тіледі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий