Құрылыс жұмыстары уақытында аяқталсын

Қала әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы іс-сапармен облыс орталығындағы бірқатар нысандарда болды. Өндіріс орындарының жай-күйімен танысып, балалар алаңдарын көрді. Құрылыс жұмыстары кешеуілдеп жатқан бөбекжайға қатысты сын айтты. Биыл ғана күрделі жөндеуден өткен Капцевич көшесінің бойындағы кедергілер мен белгілердің артық салынғандарын алып тастауды тапсырды.

Шаһар басшысы алдымен сүт өңдеуге және ірімшік жасауға бағытталған Солтүстік өндіріс аймағында орналасқан «Нәтиже» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Мұнда тәулігіне 40 тонна сүт өнімін шығару жоспарланған. Фабрика қараша айында пайдалануға берілмек. Жобаның жалпы құны 400 миллион теңге. Оның 110 миллион теңгесі «Даму» қоры арқылы рәсімделген. Фабрика іске қосылғанда шамамен 50 адам жұмыспен қамтылып, орташа жалақысы 80 мың теңгені құрайтын болады. Қала әкімі өндіріс орнын аралап, қондырғылардың орналасуы-мен танысып, қуаттылығын сұрап білді. Застанционный поселкесінде биыл жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысы қолға алынған. №14 орта мектептің жанында балаларға арналған спорт алаңы пайда болды. Ішіне жасанды шөп төселген. Қала әкімі доп қуып жүрген балалармен әңгімелесті. Мектептің айналасы да биыл темір қоршаумен жабылыпты. Енді тек спорт алаңының маңайын абаттандыру қажет. Төселген құмның үстінен қыш тастар салу қажеттігі де ескертілді. Ермек Боранбайұлы аталған білім ошағының спорт залына да кіріп, денешынықтыру пәнінің мұғалімін әңгімеге тартты. Осы поселкеде 240 бүлдіршінге лайықталған балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Оның мерзімінен кешіктіріліп жатқанына қала әкімі сын айтты. Мердігердің айтуынша, қараша айының 15-де пайдалануға беру жоспарланыпты. Алайда, қала басшысы оған күмәнмен қарайтынын жеткізді. Өйткені, ішкі әрлеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Жуыну бөлмелері де толық дайын емес. Бөбекжай құрылысының олқы тұстары жетерлік. Сондықтан қалпына келтіруге болатын жерлерін қайта қарап, шешім шығаруды тапсырды.
Мал өнімін шығаруға бағытталған «Бижан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз құрылтайшыларымен бірге өндіріс орнының маңынан мал бордақылау алаңын ашыпты. Қазір мұнда бес жүзге жуық ірі қара бағылуда. Мал қораларын аралап көрген қала әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығында осындай өндіріс орнының жанданып жатқанына ризашылығын білдірді. Ірі қараға қажетті жемазық қорының жайын сұрап білді. Серіктестік алдағы уақытта алаңды кеңейтуді жоспарлап отыр. Сәдуақасов көшесіндегі 50 үйдің ауласында балалардың жаңа ойын алаңы пайда болды. Бөбектерге арналған әткеншектер, сырғанақтар өте ыңғайлы етіп жасалған. Құм төселген. Көкшетау қаласында биыл дәл осындай 20 ойын алаңы қалыпқа келтірілді. Ескілері жөнделді. Демеушілердің көмегі де көп болды. Мұндай жақсы бастамаға қашанда қолдау көрсетіліп, тұрғындар тарапынан бақылау жасалуы тиіс. Биыл Капцевич көшесіне күрделі жөндеу жүргізілгені белгілі. Тек жүргізушілер жол кедергілері мен белгілер тым көп қойылғанына байланысты шағымданған болатын. Соны ескерген қала әкімі жөнделген көшені басынан аяғына дейін жүріп өтіп, сынның негізсіз емес екеніне көз жетті. Сондықтан жергілікті полиция басшыларына артық кедергілер мен белгілерді алып тастауды тапсырды. Ал, жалпы жолдың жөнделу сапасына көңілі толатынын жеткізді. Енді тек абаттандыру жұмыстарын тезірек аяқтау қажет. Соған қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс