Құрылыс жұмыстары қарқын алып, жолдарды жөндеуге жете көңіл бөлінсін

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 12 мамырда құрылыс алаңдары мен жол жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Әсіресе, жоспарланған құрылыс нысандарын уақытылы пайдалануға беруге, тұрғын үй аулаларында ойын алаңдарын күтіп-ұстауға, тазалық сақтауға ерекше назар аударды.

DSC_6009Көгілдір Көкшетау биыл да көркем ғимараттармен толыға түспек. Солардың қатарында заманауи Неке сарайы да бар. Осындағы құрылыс жұмыстарымен танысқан қала әкімі Е.Маржықпаев көл маңындағы
аумақты абаттандырып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды. Бұдан соң қала басшысы «Центральный» мөлтек ауданы, 44 мекенжайындағы күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан үй аулаларын барып көрді. Биыл мұнда асфальт жабындылары жаңартылып, ағаш егіліп, көгалдандыру шаралары жүзеге асырылады. Қазір жиектас орнатылып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Аула тазалығы мен қауіпсіздігін тұрғындардың өздері қамтамасыз етулері керек. «Монолит» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Иван Роговский жасалған дүниелерді бүлдіретін бұзақыларға, үйден шыққан қоқысты арнайы контейнерге төгуге ерінетін тұрғындарға тиісті шара қолданылса деген өтінішін білдірді. Сапар барысында қала басшысы Капцевич көшесі бо-
йындағы көпірге жүргізілген жөндеу жұмыстарын барып көрді. Көпірдің су шайып кеткен бөлігі қалпына келтіріліп, асфальты жаңартылған. Сондай-ақ, Полевой көшесіндегі асфальт жабындысын, жолдың жай-күйін, ғимараттардың қасбеттері мен жаяу жүргінші жолдарын, жарық беру бағандарын, жүргінші өтпелерін тексерді.
Қала әкімі №18 орта мектептің 420 орындық қосымша ғимараты құрылысының барысымен таныс-
ты. Құрылысшылармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанықты. Қажетті материалдар уақытылы жеткізіліп отырғандықтан, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Ермек Боранбайұлы өз сөзінде бұл құрылысты маңызды деп атап өтіп, уақыты мен сапасына назар аударуды шегелеп тапсырды. Мектеп ғимаратын сапалы әрі дер кезінде аяқтау қажеттігін құрылыс басшыларына қадап айтқан қала әкімі
Е.Маржықпаев мемлекет тарапынан құрылыс салуға бөлінген қаржыны мақсатты тұрғыда тиімді пайдалану қажеттігін де ескертті. Мердігерлерге жұмыс барысын тездетіп, ғимарат ауласы мен маңайын көріктендіру жөнінде тапсырма жүктеді. Сонымен қатар Саин көшесі, 26 мекенжайындағы аула арасындағы жолдар да назардан тыс қалмады. Жауапты сала басшыларына қарата айтқан сөзінде әкім барлық қоғамдық нысандардың жағдайының дұрыс болуын күн сайын қадағалап отыру керектігін талап етті. «Бүгін жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобаны көріп шықтым. Үй аулалары толығымен асфальтталады. Аулаға шлагбаум қойып, көліктердің кіруіне және тұруына тиым салу үшін пәтер иелері кооперативі арқылы тұрғындармен келісім жасаудамыз. Аулаларға балалар және спорт алаңдарын саламыз, шағын саябақтар жасаймыз», – деді әкім.
Қала басшысы биыл спорт алаңын ашу көзделіп отырған «Юбилейный» мөлтек ауданы №42 үй ауданындағы аулаларын аралай жүріп жергілікті тұрғындармен, басқа да мүдделі адамдармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қаныға түсті. Мұндағы жол асфальтталып, ескі гараждар алынып, жарықтандыру жүргізіледі. Тұрғындарға өз аулаларына ұқыпты қарау жөніндегі өтініш-тілегін білдіріп, оның дұрыс күтіп ұсталуына бақылауды күшейтуге орай тиісті қызмет өкілдеріне шұғыл тапсырмалар берді. Қаланың әрбір қуыс-қалтарысының барлығын тазалап шығу мүмкін емес. Егер әрбір тұрғын қалаға деген ыстық ықыласын өздері тұратын аулаларын күл-қоқыстан тазарту арқылы көрсететін болса, бұл да бір үлгілі істің көрінісі емес пе! Рас, көрікті қалада айналасы гүлзар-баққа оранып, бұтасы мен ағашы жайқалған аулалар жоқ емес, бар. Бірақ, олар көп емес. Мәселен, «Қарлығаш» балабақшасының ауласындағы ойын алаңын көпке үлгі етуге болады. Айналасы мұнтаздай таза. Балалар ойнайтын әткеншек пен демалып отыруға арналған орындықтар өз алдына үйлесім тапқан. Қоршаулары сырланып, ағаштары әктелген.
Қала әкімі «Боровской» мөлтек ауданындағы алпыс көппәтерлік арендалық-коммуналдық тұрғын үй құрылысына қатысты сын айтты. Өткен жылдың желтоқсан айында тапсырылуы тиіс бұл нысан межелі мерзімнен кешігуде. Құрылысшылар жұмысты белгіленген мерзімде орындамай отыр. Сол себепті шаһар басшысы бас мердігер «Электросетьстрой» серіктестігінің жұмысын сынға алды. Алдағы аптада жұмыс барысын тағы бір бақылайтынын ескертті, құрылысшыларға белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұдан соң қала басшысы «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің былтыр қолға алған 90 пәтерлік 9 қабатты панельді тұрғын үй құрылысы алаңында болды. Қазір бұл нысанда әрлеу жұмыстары аяқталып қалған. Құрылыс жобасының құны 750 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға сәйкес көпқабатты тұрғын үйде 18 үш бөлмелі, 36 екі бөлмелі және осыншалықты бір бөлмелі пәтерлер болады. Ішкі бөлмелердің аумағы кең. Құрылыс нысаны фин технологиясымен салынды. Үй құрылысына энергия үнемдеу технологиясы қолданылды. Кəсіпорын басшысы Александр Дворцевойдың айтуынша, алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызу жоспарланған. Оның алғашқысы пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» мөлтек ауданында салынуда. Нысанды жақын арада пайдалануға беру көзделіп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп шыққан қала басшысы ғимараттың сапасын жоғары бағалады. Сыртқы келбеті көзтартарлық жаңа тұрғын үй қала тұрғындарына керемет тарту болады деген сенімдеміз.
Бұл күні қала әкімі Е.Маржықпаев Шевченко, Қуанышев көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Биылғы қыста ылғалдың көп түсуінен қала көшелеріндегі асфальттардың көтеріліп, ой-шұңқырдың көбеюі автокөлік жүргізушілеріне қолайсыздық тудыруда. Сондықтан қазір көбінесе осы ойлы шұңқыры көп жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Е.Маржықпаев сала басшыларына қаладағы көшелерді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс