Құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, аулаларды көріктендірейік

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы құрылыс нысандары мен тұрғын үй аулаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қала әкімі №18 орта мектептің 420 орындық қосымша ғимараты құрылысында болып, құрылысшылармен кездесіп, мәселенің мән-жайына қанықты. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында тапсыру көзделіп отырған ғимараттың монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі күні құрылысшылар әрлеу жұмыстарын қолға алуда. Қажетті материалдар уақытылы жеткізіліп отырғандықтан, қарқын жоғары. Ермек Боранбайұлы маңызды нысан болғандықтан сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Құрылыс басшыларына мектеп ғимаратын дер кезінде аяқтау қажеттігін қадап айтқан қала әкімі мемлекет тарапынан құрылыс салуға бөлінген қаржыны мақсатты тұрғыда тиімді пайдалану қажеттігін де ескертті. Мердігерлерге ғимарат ауласы мен маңайын көріктендіру жөнінде де тапсырма жүктеді. Бұдан соң қала басшысы «Боровской» мөлтек ауданында бой көтеретін балабақша құрылысының аумағында болды. Мердігер компания – «Мәрмәр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Ешмағамбетов қала басшысына алда атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын қалаішілік аудандарды көгалдандыру мен абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімі Быковский көшесі, 3, 5 мекенжайындағы тұрғын үй аулаларындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Аула ішілік аумақтарды абаттандыру әзірленген жобалар негізінде жүзеге асырылады. Жұмыс ауқымына асфальт төсеу, жиектастар орнату, балалардың ойын және спорт алаңын дайындау кіреді. Құрылысшыларға жауын жауғанда жол жиегіне су жиналып қалмайтындай етіп жасалуы ескертілді. Қала әкімі сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды. Жауапты сала басшыларына қарата айтқан сөзінде әкім барлық қоғамдық нысандардың жағдайының дұрыс болуын күн сайын қадағалап отыруы керектігін талап етті. Ендігі мәселе – аула тазалығы мен қауіпсіздігін тұрғындардың өздері қамтамасыз етулері керек. Бұл өз кезегінде көптеген қордаланған көкейкесті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

 

 

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий