Құрылыс қарқыны бәсеңдемейді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Көкшетаудағы бірқатар нысандарды аралады.

Алдымен әдебиет және өнер музейінде болған өңір басшысы өткен ғасырдың басында салынған ғимараттың ішкі-сыртқы келбетіне назар аударды. Мұндағы 9 мыңнан аса экспонаттардың қатарында Е.Мырзахметов, С.Жүнісов, К.Салықов, И.Салахов, Б.Қанапьянов сияқты танымал қаламгерлердің жеке заттары, суреттері, құжаттар мен қолжазбалары, кітаптары сияқты құнды жәдігерлері сақталған. Музей қызметкерлерінің айтуына қарағанда, осындағы барлық мұрағаттарды сақтауда қиындықтар туындауда. Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жетекшісі Рустам Бикенов музейдің күрделі жөндеу жобасымен таныстырды. Өңір басшысы жөндеу барысында ғимараттың архитектуралық келбетіне баса назар аудару қажеттігін тапсырды. Облыс әкімі музей орналасқан аумақты аралады, қазіргі уақытта бұл учаске жекеменшік иелігінде. Е.Маржықпаев Осипенко көшесі тұрғындарының тарихи-мәдени ескерткіштердің айналасында ағаштар, гүл көшеттері мен орындықтар болуы керек деген пікірімен келісетінін жеткізді. «Бизнеске құрылыс үшін басқа жер телімін ұсынатын боламыз. Оның үстіне бұл аумақта инженерлік желі тарту бойынша мәселе де баршылық», – деді әкім.

Облыс басшысы қаланың солтүстік бөлігіндегі көпқабатты үйлер салынып жатқан аймақта болды. Қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі Ержан Шәкіржановтың айтуынша, биыл жаңа шағын ауданда 12 көпқабатты үйлер құрылысы аяқталады. Оның 40 пәтерлік 8 үйі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша, 35 пәтерлік 2-уі, 45 пәтерлік 2-уі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы тапсырылады. «Нұрлы жер» бойынша 80 пәтер көпбалалы отбасыларға берілетін болады. Былтыр шағын ауданда 88,5 га аумақта 30 пәтерлік 8 үйдің құрылысы басталды. Биыл облыстық бюджеттен 60 пәтерлік 3 үйдің құрылысына қаражат бөлінген. Өңір басшысы абаттандыру жұмыстарын жүргізуді бастауды тапсырды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий