Құрылыс қарқыны бәсеңдемесін

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 2-8 қараша күндері облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысандарында болып, тұрғын үйлердің аулаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, білім ошақтарының тыныс-тіршілігіне назар аударды. 

Қала әкімі №18 орта мектептің 420 орындық қосымша ғимараты құрылысында болып, ондағы мәселенің мән-жайына қанықты. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында тапсыру көзделіп отырған ғимараттың монтаждау жұмыстары аяқталған. Қазіргі күні құрылысшылар әрлеу жұмыстарын қолға алуда. Қажетті материалдар уақытылы жеткізіліп отырғандықтан, жұмыс қарқыны жоғары. Ермек Боранбайұлы маңызды нысан болғандықтан, сапаға ерекше назар аударуды тапсырды. Құрылыс басшыларына мектеп ғимаратын дер кезінде аяқтау қажеттігін қадап айтқан қала әкімі мемлекет тарапынан құрылыс салуға бөлінген қаржыны мақсатты тұрғыда тиімді пайдалану қажеттігін де ескертті. Мердігерлерге ғимарат ауласы мен маңайын көріктендіру жөнінде де тапсырма жүктеді. Бұдан соң қала басшысы «Боровской» мөлтек ауданында бой көтеретін балабақша құрылысының аумағында болды. Мердігер компания – «Мәрмәр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Серік Ешмағамбетов қала басшысына алда атқарылатын жұмыстардың барысын баяндады. Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жыл сайын қалаішілік аудандарды көгалдандыру мен абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімі Быковский көшесі, 3, 5 мекенжайындағы тұрғын үй аулаларындағы абаттандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Аулаішілік аумақтарды абаттандыру әзірленген жобалар негізінде жүзеге асырылады. Жұмыс ауқымына асфальт төсеу, жиектастар орнату, балалардың ойын және спорт алаңын дайындау кіреді. Құрылысшыларға жауын жауғанда жол жиегіне су жиналып қалмайтындай етіп жасалуы ескертілді. Қала әкімі сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
№17 орта мектепте болған кезінде қала басшысы оқу кабинеттері мен спортзалын аралап көрді. Үштілділік бағдарламасы аясында шәкірттерге білім беру деңгейіне назар аударды. Мұғалімдермен болған әңгіме барысында білім берудің сапасын осы заманғы стандарттарға сәйкес жаңғыртуға айрықша назар аударылды. «Арман» балабақшасына биыл 10 жыл толады. Мекеменің тамақ блогын, денешынықтыру, акт залдарын, бассейнін көріп, оның жұмысына көңілі толған әкім қол жеткен жетістікті одан әрі баянды етуді тапсырды. Быковский көшесі 3 және 5 мекенжайындағы үйлердің аулаларын жөндеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Алдағы дүйсенбіден бастап мұнда жарық орнатылады екен. Балалар мен спорт алаңдары таяу күндері дайын болуға тиісті. Күн суытпай тұрғанда жиналған күл-қоқыстарды тезірек жинап алған жөн. Есенберлин көшесі №1 мекенжайының ауласында жаңғырту жұмыстары негізінен аяқталды. Бұрын қараусыз қалған учаскеде футбол алаңы жасалып, балалар үшін әткеншек, сырғанақ орнатылды. Осы жұмысты қысқа мерзімде сапалы атқарып шыққаны үшін қала басшысы «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғысын білдірді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий