Үздік кеншілер марапатталды

Тәуелсіздік алаңында Металлургтер күніне орай «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Бұл күні бас директор Игорь Когай ауыр да жауапты кәсіптің иелерін кәсіби мерекемен құттықтады. Комбинат қызметкерлерінің ерен еңбектеріне зор алғысын білдіріп, мерекені қызықты өткізуге шақырды. 

Бұл күні ел экономикасының дамуы мен өңірдің өрлеуі жолында тер төккен кәсіпорын озаттары наградаға ие болды. ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен ЗИФ жабдығы бойынша директордың орынбасары Ерік Сатыбалдин, диірмен машинисі Медет Біләлов, бас маман Тамара Быстрова, ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісімен РОГР бас инженері Дінмұхамед Байдалин марапатталды. Сондай-ақ, ең үздік жетекші мамандарға қажырлы еңбегі үшін Көкшетау қаласы әкімінің, «Алтынтау Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының Алғыс хаттары, «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының Құрмет грамотасы табыс етілді. Кеншілерді төл мерекелерімен құттықтауға Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Рымбаева шақырылған болатын. Тәуелсіздік алаңындағы ашық сахнада қазақ эстрадасының жұлдызы Металлургтер күнін тойлап жатқан қала тұрғындарымен бірге жанды дауыста бірнеше ән орындады. Көкшелік қауым сүйікті әншісімен бұл жолы да қуана қауышты. «Көкшетауда сонау 1975 жылы алғаш өнер көрсетіп едім. Өңірдің қонақжай тұрғындарына деген алғысым шексіз. Менің өзгелерден ерекшелігім сол – мен әндерімнің барлығын жанды дауыста орындаймын. Фонограммамен алдамаймын көрерменді. Көкшенің өнерсүйер қауымына әрдайым осылай жайнап, жарқырап жүре беріңіздер деп тілеймін!»– деді әнші Роза Рымбаева. Салтанатты шара бұдан әрі Петропавл қаласынан келген әншілердің, Көкшетаудағы «Достар» мәдениет үйі өнерпаздарының концерттеріне жалғасты. Мереке соңы әдемі отшашуға ұласты.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс