Үздік спортшыларға – арнайы сыйақы

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында және әлемдік деңгейдегі чемпионаттарда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген ақмолалық спортшылар мен бапкерлерді құттықтап, арнайы ақшалай сыйақы табыс етті.

Аймақ басшысының қабылдауында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында армрестлингтен бірінші орынға ие болған халықаралық спорт шебері Олег Сазонов, күрестен екінші орынды еншілеген Леонид Станеев, ІІІ Азия пара ойындарында пауэрлифтингтен күміс жүлдегер, халықаралық спорт шебері Давид Дегтярев, бокстан 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, халықаралық спорт шебері Карина Ибрагимова, 2018 жылғы ІІІ Жасөспірімдердің олимпиада ойындарында бокстан күміс жүлдегер Талғат Шәйкен, 2018 жылғы Жастар чемпионатында бокстан күміс жүлдегер Айзада Есләмғали, велоспорттан әлем чемпионатында үшінші орыннан көрінген халықаралық спорт шебері Андрей Чугай, сондай-ақ, жаттықтырушылар Илья Ильин, Ерік Шолымов, Юрий Колесников, Александр Высоцкий, Қуат Бейсенбаев, Олжас Сұлтанбеков, Иван Гринбергтер болды. Өз құттықтауында облыс әкімі Мемлекет басшысының спорт және дене шынықтыру саласындағы жемiстi саясатының арқасында, қазақстандық спорт дамудың жаңа деңгейiне көтерiлгендiгiн, елiмiз iрi спорттық шаралардың өтетiн орнына айналғандығын атап өтіп, байрақты бәсекеде ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген ақмолалық спорт саңлақтарына шынайы алғысын білдірді. – Туған Отанымыздың атын шартарапқа шығарып жүрген спортшыларымыз бүгінде Олимпиадалық ойындарда, Әлем және Азия чемпионаттарында жеңістің биік тұғырынан көрініп, ел абыройын асқақтатып жүр. Қырғызстанда өтіп жатқан ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасында ақмолалық екі спортшымыз ел намысын қорғады. Айшықты табыстарға жеткен сіздер ұлтымыздың мақтанышы, халқымыздың қуанышысыздар. Сіздер облыстың, еліміздің даңқын дүниежүзіне паш еттіңіздер. Әрине, әрбір жеңістің астарында қаншама қажырлы еңбек жатыр. Жеткен жетістіктеріңізбен құттықтап, шынайы алғысымды білдіремін! – деді М.Мырзалин өз құттықтауында.
Облыс әкiмi спортшылар мен бапкерлiк құрамды жоғары жетiстiктерi үшiн құттықтап, ақшалай сыйақы табыстады. Жеңімпаздар болашақта үздiк нәтижелерге қол жеткiзу үшiн алда да бар күш-жiгерлерiн салатындарын айтты. Армрестлингтен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Илья Ильин қай уақытта да спортшыларға қамқорлық танытып келе жатқан облыс басшысына, барша тілеулестеріне, жанкүйерлеріне ақмолалық спортшылар атынан ризашылығын білдірді.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий