Үздік ұстаздар марапатталды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен қала әкімі Амангелді Смайылов қазан айының бірінші жексенбісі – Ұстаздар күні қарсаңында үздік педагогтарды марапаттады. Соңғы үш жылда өңірде білім саласына жұмсалатын қаржы 50 миллиард теңгеге өсті.

Үстіміздегі жылы облыстың білім жүйесін дамытуға 127 миллиард теңге қаражат бөлінді. Үш ауысыммен оқытатын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Бұл күні еселі еңбегімен көзге түскен бір топ мұғалім «Ыбырай Алтынсарин» және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, сондай-ақ, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Жоғары марапатқа ие болған 31 мұғалім ақшалай сертификатқа ие болды. Бұдан бөлек, «Үздік педагог-2020» республикалық байқауы жеңімпаздарының да есімдері мақтанышпен айтылды. Олардың қатарында Атбасар қаласындағы «Алтын бесік» балабақшасының музыкалық жетекшісі Зәуреш Батырова, Макинск қаласындағы мектеп-интернаттың бастауыш сынып мұғалімі Люция Подолько, Жақсы ауданының Қима ауылындағы Г.Әбдірахманов атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Еркегүл Сүлеймен, Ш.Уәлиханов КМУ көпбейінді колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Құсайынова бар.
Қала әкімі Амангелді Смайылов «Достар» мәдениет сарайында қала ұстаздарын кәсіби мерекесімен құттықтап, марапаттады. Бұл күні облыс әкімінің алғыс хатымен және ақшалай сертификатқа 6 ұстаз, облыстық білім басқармасының құрмет грамотасы және алғыс хатына 10 ұстаз, Көкшетау қаласы әкімінің грамотасы, алғыс хаты мен ақшалай сертификатқа 10 ұстаз ие болды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен шырайлана түсті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий