Үрейге емес, үмітке қанат бітірейік!

Қазіргі таңда ел ішінде «Пандемия жағдайында қасиетті Құрбан айт мейрамы қалай аталып өтілмек, қаупі асқынып, қыспаққа алған індетке қарсы күреске халықты жұмылдыруда, жұртты пандемиядан сақтануға шақыруда Діни басқарма, діни қайраткерлер нендей жұмыстар атқаруда, сондай-ақ, кейбір діни рәсімдерді тоқтатуға немесе оларға қатысатын адамдардың санын шектеуге қатысты қабылданып жатқан шешімдер Ислам талаптарына сай келе ме?» деген мазмұндағы сұрақтар жиі қойылуда. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, биыл елімізде Құрбан айт мерекесі 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі Орталық Азия ғалымдарымен кеңесіп, осындай ортақ пәтуа қабылдады. Елдегі пандемия жағдайына байланысты айт намазы оқылмайтынын мәлімдеді. Ескеретін жайт, құрбандық шалу рәсімін ҚМДБ-ның аймақтағы өкілдігі жергілікті әкімдікпен келісіп, айт күндері белгіленген орындарда санитарлық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырады. Айт кезінде туысқандарға, дос-жарандарға барудан өзімізді шектейік. Бұл мәселеде жауапкершілікті әр адам өзінен бастауы керек. Жағдай тұрақталмайынша, Құрбан айттың үш күнінде үйге қонақ шақырмай, келетін кісіге індет жағдайын алдын ала ескертіп, мәселені өзіміз реттеп отыруы-мыз қажет. Осылайша әуелі өзімізді қорғайық, сол арқылы отбасымызға қорған болайық. Бұл жауапкершілік барлық адамға қатысты деп санаймыз. Айтта туысқандарды телефон арқылы құттықтап, мүмкіндік болып жатса айттық сыйлығын жіберсе нұр үстіне нұр болады. Мейрамды тойлаудың, туған-туыстарды қуанышқа бөлеудің осы форматына ауысқанымыз абзал. Қазір тойлаудың емес, денсаулық пен өз өмірімізді ойлаудың кезеңі. Кішкене сабыр етейік. Алла қаласа, 2 тамыздан кейін мешіттеріміз де ашылады деген үміттеміз. Мамандар қауіпті індеттің беті қайта бастағанын айтуда. Алла қаласа, бәрі жақсы болады. Жақсы күндер алдымызда. Пәтуаларымыз бен үндеулерімізге түсіністікпен қарап, соған бойсұнайық. Өзіміз бен өзгелердің өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарайық. Сонда ғана біз бұл сынақтан аман-есен өтеміз дей келе, Бас мүфти асыл дінімізде керек уақытта қажет көмекті жасау үлкен сауапты амалдың біріне жататынын алға тартты. Осы ретте кәсіпкер азаматтарды дәрі-дәрмектердің бағасын қымбаттатпай, жұртқа жақсылық жасап, халықтың алғысын алуға шақырды. Жерлеу рәсімдеріне қатысты қызмет бағасын да қолдан шарықтатпай, әсіресе, зират басындағы жердің құнын аспандатып жібермейік. Сындарлы сәтте халықтың жағдайын ескергеніміз абзал. Ар мен ұятты естен шығармайық, ағайын! – деп халықты сабырға шақырды. Қасиетті Құрбан айт баршамызға құтты болсын!

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий