Ұдайы назарда болады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев 15 қыркүйекте азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оған қалалық ведомстволар мен ұйымдардың басшылары қатысты. Қабылдауға келген қала тұрғындарының  ұсыныс-шағымдарын мұқият тыңдаған шаһар басшысы әр азаматтың өтініштерінің орындалуына айрықша мән беріп, ол мәселелер  бойынша  тиісті тапсырмалар жүктелді.

Қабылдауға келген Ләззат Қожахметова есімді қала тұрғыны пәтерін жекешелендіруге көмек көрсетуді өтінді. Қала басшысы қажетті құжаттар қайта қаралатындығын, барлығы заң аясында шешілетіндігін жеткізді. Зейнеткер Антонина Коник «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі №14 бағыттағы автобус саяжайларға қатынайтындықтан, жүру аралығы сақталмай, жарты сағатқа кешігіп келетіндігін қынжыла баяндады. Коммуналдық сала мамандары бұл мәселе тек саяжай маусымында ғана туындайтындығын, қыркүйек айының соңында автобустар саны көбейетіндіктен, жүру аралығы да жиілейтіндігін жеткізді. Қала тұрғыны Айдын Төлеубаева Красный Яр селосында №1 орта мектепке барар жолда жаяу жүргіншілер жолы орнатылса деген өтінішін білдірді. Қала басшысы селода жол жөндеуге байланысты біршама жұмыстар атқарылғандығын тілге тиек етіп, аталған аумақта жасанды тежеу орнатылғандығын, дегенмен, жол белгілерін жаңарту жайы қайта тексерілетіндігіне уәде берді. Рыскелді Төлегенова есімді тұрғын Ғабдуллин көшесі, 67 үй ауласындағы жолдың асфальтталмағандығын, балалар ойын алаңы мен көлік қоятын орынның жоқтығын алға тартты. Қала бойынша 225 ауланың 90-ына жөндеу жүргізілген. Қала басшысы абаттандыру мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан өтініш көп түсетіндігін, алайда бұл жұмыстар алдын ала жоспарға сәйкес бюджеттен бөлінетін қаражат көлеміне сәйкес кезең-кезеңмен жүргізілетіндігін атап өтті.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс