Ұжымдық келісім-шарттан жалтаруға болмайды

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың жетекшілігімен қала кәсіпорындарындағы ұжымдық келісімшарттың орындалуы, әлеуметтік аударымдардың уақытылы түсуін қамтамасыз ету, міндетті медициналық сақтандыру қорының мәселелеріне қатысты семинар-кеңес өтті. Оның жұмысына осы бағытты бақылайтын басқармалар, мекемелер мен кәсіпорын басшылары қатысты.

Заңда жұмыс берушінің де, жұмыскердің де құқығы анық айтылған. Десек те, құқығы тапталып, артық іске жегіліп жатқандар, кімге жүгінеді? Кімнен араша сұрайды? Аянбай жұмыс істеп, күндіз-түні төккен маңдай терің құмға сіңгендей зым-зия, төленбей қалса, қандай күйде боласыз? Қазіргі нарық заманында өз еңбегіңді қымбат бағалап қана қоймай, қауіпсіздікті де ескеру керек. Басқосуда Ақмола облысының еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік инспекторы Жұмабек Бекішев ұжымдық шарт жасасудың тиімділігі мен маңызын, жасалу тәртібін түсіндірді. Ол жұмысшылар мен қызметшілердің мүддесін көздейтін ұжымдық келісім-шарттың жалпы жұмыс ырғағына, демалыс мерзімдеріне, әлеуметтік кепілдемелерге қатысты басты ерекшеліктерге тоқталды. – Аталмыш құжат арқылы жалақы мөлшері, демалыс ұзақтығы, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу шарттары, еңбек жанжалдарын қарау тәртібі реттеледі. Жұмыс беруші ұжымдық шарттың қайсыбір бабын орындаудан бас тартқан жағдайда қызметкерлер оны сот арқылы орындатуға құқылы, – деп атап өтті ол. Еңбек инспекторының айтуынша, соңғы жылдағы оң динамикаға қарамастан, жазатайым оқиғалар да болып жатады. Сондықтан да, әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, әр кәсіпорындарда кәсіптік қатерлердің алдын-алуға негізделген жүйені енгізуіміз керек.
Еңбек келісімшарты – қызметкер мен жұмыс беруші арасында жасалған шарт. Екеуара міндеттері мен құқықтарын айқындайды. Ол міндетті түрде жасалуы керек және бір данасы қызметкердің қолында болуы тиіс. Бұл – екі тарап арасындағы келісімнің дәлелі. Ертең жұмыс беруші өз міндетін орындамаса, осы келісімшартты негізге ала отырып, әр тарап өз құқығын қорғайды. –Көп адамдар өз құқын білмейді. Жақында кәсіпорыннан жалақы ала алмай жүрген бір азамат шағымданды. Тексере келе, жұмысқа тұрған уақытта еңбек келісімшарты жасалмаған болып шықты. Жұмысшы да мұны талап етпеген. Тағы бір арызданушы 10 жыл жұмыс істеген уақыт ішінде зейнетақы аударымдарын бірде-бір рет тексермеген. Ал жұмыс беруші зейнетақы қорына жылына бір мәрте ғана аударым жасаған. Мұндай мысалдар көп. Әрі бұл көбіне жекеменшік ұйымдарға қатысты. Сол себепті көп адамдар жалақысы аз болса да мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуға тырысады, – дейді облыстық кәсіподақтар ұйымы төрағасының орынбасары Ләззат Есжанова. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалының заңгері Руслан Әубәкіровтің айтуынша, жұмысқа тек қана еңбек шартына қол қойылғаннан кейін кірісу керек. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ондай адамның еңбек құқы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган не болмаса сот растап, қорғап қала алмайды.
Кәсіподақ алдында тұрған тағы бір үлкен мәселе – еңбек нарығында бейресми жұмыс істеп жүрген адам көп. Мысалы, өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әкімшіліктермен бірге жүргізген сараптамалық сауалнамасы барысында елімізде жұмыс істеп жүрген 1 миллион 32 мың адамның міндетті зейнетақы жарналарын төлемейтіндігі анықталды. Яғни, ол кісілер еңбек шарттарын бекітпеген.
«Міндетті медициналық сақтандыру қоры» Ақмола облыстық филиалының эксперті Шанхи Голубева қордың жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары республика көлемінде жүргізіліп жатқанына қарамастан тұрғындарды мазалайтын сұрақтар әлі де көп. Жұмыс берушілер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2018 жылдан бастап – 1,5%, 2020 жылдан – 2%, 2022 жылдан – 3% көлемінде аударылады. Халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі төлейтін ай сайынғы жарна – ең төменгі жалақының 5 пайызын құрамақ. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған 14 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий