Ұжымдық шарт – ұтымды тәсіл

Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың жетекшілігімен қала кәсіпорындарындағы ұжымдық келісімшарттың орындалуы, әлеуметтік аударымдардың уақытылы түсуін қамтамасыз ету, міндетті медициналық сақтандыру қорының мәселелеріне қатысты семинар-кеңес өтті. Оның жұмысына осы бағытты бақылайтын басқармалар, мекемелер мен кәсіпорын басшылары қатысты.

Ұжымдық шарт ұйымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін, қызметкерлердің уәкілеттік берілген өкілдері арқылы олардың ұжымы мен жұмыс берушінің арасындағы жазбаша келісім нысанындағы құқықтық акт болып табылады. Яғни, ол қызметкер мен жұмыс берушінің өзара міндеттерін қамтиды, сонымен бірге еңбек даулары мен жанжалдарға қатысты жұмыс беруші және қызметкерлер ұжымының мүдделерімен келісуге мүмкіндік береді. Басқосуда Ақмола облысының еңбек инспекциясы басқармасының еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің жетекшісі Галина Сенченко ұжымдық шарт жасасудың тиімділігі мен маңызын, жасалу тәртібін түсіндірді. «Қалада 16 мыңнан аса адам әлеуметтік аударымсыз жұмыс істеуде. 6 мың адам ортақ базада тіркелмеген. Кәсіпкерлердің бәрі еңбек заңдылықтарын жетік меңгерген дей алмаймыз. Сондықтан ұжымдық келісімшарттың ұтымды тәсіл екендігін түсіндіретін басқосулардың бизнесмендерге де, еңбек адамдарына да берері басым», – дейді ол. Баяндамашы жұмысшылар мен қызметшілердің мүддесін көздейтін ұжымдық келісімшарттың жалпы жұмыс ырғағына, демалыс    мерзімдеріне, әлеуметтік кепілдемелерге қатысты   бас-
ты  ерекшеліктерге тоқталды. – Аталмыш құжат арқылы жалақы мөлшері, демалыс ұзақтығы, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу шарттары, еңбек жанжалдарын қарау тәртібі реттеледі. Жұмыс беруші ұжымдық шарттың қайсыбір бабын орындаудан бас тартқан жағдайда қызметкерлер оны сот арқылы орындатуға құқылы, – деп атап өтті Г.Сенченко. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Ақмола облыстық филиалы бас маманы Валерия Корнеевецтің баяндауынша, бірқатар кәсіпорындар әлеуметтік аударымдарды уақытылы
аудармайды. «Міндетті медициналық сақтандыру қоры» Ақмола облыстық филиалының директоры Нұрлан Ахылбеков қордың жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, түсіндіру жұмыстары республика көлемінде жүргізіліп жатқанына қарамастан тұрғындарды мазалайтын сұрақтар әлі де көп. Жұмыс берушілер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2018 жылдан бастап – 1,5%, 2020 жылдан – 2%, 2022 жылдан – 3% көлемінде аударылады. Халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі төлейтін ай сайынғы жарна – ең төменгі жалақының 5 пайызын құрамақ. Әлеуметтік жағынан аз қорғалған 14 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий